Бүгінде ауыл халқының өмір сүру деңгейі қандай?
Бұл – бүгінде тек мақал ғана емес, Тұңғыш Президент – Елбасы міндеттеген алып жобаның бірі. Жоба арқылы елді мекендерді көркейтіп, ауылдардағы өмір сүру сапасын арттыру тапсырылған. Аталған міндеттер бүгінде қалай орындалып жатыр?
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске қосуды Nur Otan партиясының XVIII съезінде Елбасы ұсынған болатын. Жоба 3 жылға жоспарланған. Оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 90 млрд теңге бөлінді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі аймақтармен бірлесіп ауылдық жерлерді жаңғырту бойынша жұмысты бастап кетті. Биыл 53 елді мекен іріктеліп алынған. Онда 700 мыңға жуық адам тұрады. ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, барлығы 452 шара іске асырылады. Оның 233-і көліктік, 153-і әлеуметтік инфрақұрылымдық және 66-сы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Жалпы Қазақстан халқының саны бүгінде 18 млн 400 мыңнан асады. Оның 42%, яғни 7,7 млн-ы ауылдарда тұрады.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдарда 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорттық нысандар жөнделетін болады. Тағы 13 дене шынықтыру сауықтыру кешені мен 13 абаттандыру нысанының құрылысы басталады. Бұдан бөлек 516 шақырым жол, 35 км сумен жабдықтау желісі, 229 шақырым электр жабдықтау желісі, 136 км газбен және де 20 шақырым мен 6 жылумен жабдықтау нысаны салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы биыл 4 673 жаңа жұмыс орны ашылады.
Елде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске қосылғалы 60 мың маман жалпы сомасы 7,4 млрд теңге болатын көтерме ақы алған. Ал 27,5 мың жас 70,6 млрд теңге сомаға үй алатын бюджеттік кредит алған.
Негізінен ауылдарға жұмыс істеуге барған 42 745 жас білім беру саласының, оның 483-і әлеуметтік қамтамасыз ету саласының, 12 705-і денсаулық сақтау ісінің, 2 469-ы мәдениет және спорт саласының, 1 665-і ауыл шаруашылығы саласының мамандары.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері елді мекендерді дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлегендігін хабарлады. Ол барлық жобаны бір бағдарламаға біріктірмек.