Еліміздегі электр қуатының өндірісін арттыру көзделді
Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі бөлшек электрмен жабдықтауды бұдан былай тек лицензияланған энергия беруші ұйымдар ғана жүзеге асыратынын жариялады.
Былтыр ел тарихында алғаш рет «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданған. Дегенмен бұл салада инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті. Жылу электр станцияларының 70 пайызы тозған. 40-50 жыл бұрын салынған желілердің көбі аяздарға шыдамаса керек, бірнеше өңірде апаттық жағдайлар көбейді. Ара-тұра жарық пен жылудан ажырайтын тұрғындардың мұңы қашан шешіледі? Жылу электр станциялары мен желілер қашан күрделі жөндеуден өтеді?
Еліміз күн сайын дамып, халық саны өсіп келеді. Бірақ өткен ғасырда салынған энергетикалық инфрақұрылымымыз бұған шыдас берер емес. Электр станциялардың 3/1-і ғана қалыпты жұмыс істеп тұр. Жылу желілерінің жартысынан көбі тозған. Салдары сол, сақылдаған сары аязда жылусыз қалатындар бар.
Мәселен, Абай облысындағы электр желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Бүгінде 95%-і тозған. Жуырда ғана Аягөз қаласында әбден ескірген трансфарматор өртенді. Сөйтіп қала мен жақын маңдағы бес елді мекен тұрғыны жарық пен жылуға мұқтаж қалды. Бірақ бұл жағдайға көпшіліктің еті үйренген. Себебі аймақ тұрғындары үп еткен желге сөнетін электр желісін жаңартуды сұрап жүргенімізге 10 жылдан асты,-дейді.
Жүнісбек Ақылбаев, Үшбиік ауылының тұрғыны:
- Неше рет ауыстырды бұны. Ауыстырғанда да орнына жаңа әкеп қоймайды әйтеуір, кішкене «рабочий» болса болды, соны әкеліп қоя салады. Бұл әсіресе мынау қыстыгүні боран кезінде жарықтың бәрі өшіп қалады. Себебі линияның өзі тозығы жеткен. 70 жылдан асып кетті ғой деймін.
Бұл жағдай Абай облысына ғана емес, күллі елге таныс. Себебі электр құрылғыларының орташа жасы - 40-50 жыл.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазіргі уақытта өңірлердегі электр желілері мен электр трансфарматорларының жағдайы үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Тозған электр желілері, ескірген электржабдықтар халыққа қолайсыздық тудырып, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруде.
Сондықтан Үкімет жаңа 15 жобаны қолға алып, жұмыс істеп тұрған 14 нысанды жөндеуді жоспарлап отыр. Атап айтсақ, Алматы мен Жезқазғанда жылу қазандықтары мен желілері жаңартылады.
Жалпы жаңғырту барысында ел бойынша 86 мың шақырым коммуналдық желілерді қамту көзделіп отыр. Осылайша қуат өндіруші көздердің тозу деңгейі 15%-ке төмендейді. Бұдан бөлек, ескірген жылу көздерінің үлесін 53%-тен 40%-ке дейін, ал электр қуаты көздерінің үлесін 62%-тен 45%-ке дейін төмендету жоспарда бар.
Дана Әлиева, Рүстем Қайратұлы , Мансұр Есхожин