Қостанай облысында биыл бірқатар ауданда егіс танаптары күйіп кетті
Көпшілікті астық шығыны мен шығымы алаңдатып отыр. Жазғы аптап ыстықтан біраз аудандағы танаптар күйіп кеткен.
Данияр Сұлтан, тілші:
- Облыстағы шығымдылығы мол танаптардың бірі осы жерде орналасқан. Былтыр гектар берекелігі 40 центнерден асып түскен, ал биыл бұл көрсеткіш екі есе төмендеуі мүмкін. Егер жақын арада 10 мм-дей ылғал түспесе, онда шығын көлемі одан бетер ұлғаюы әбден ықтимал.
Владимир Черненко жаз бойғы аптап ыстықты ешқашан көрген емес. Үш аптадай тұрған шіліңгір ыстық тәжірибелі шаруаға зиянын тигізе қоятыны анық. Бидай масақтары жетілмеген. Ал егін оратын кезең күн санап жақындап келеді.
Владимир Черненко, шаруа:
- Екі айдың ішінде ең көп дегенде 13 мм-дей жауын-шашын түсті. Жер жарылып, масақтар қурап қалған. Қазір ылғал жарты метр тереңдікте жатыр.
Биылғы қуаңшылық жылда егін бітік шығатын аудандарды да айналып өтпеді. Облыстағы егістің 15% күйіп кетті. Әсіресе оңтүстіктегі танаптардың жағдайы қиын.
Жансұлтан Таукенов, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Жердегі ылғалдың аздығынан танаптардың 613 мың гектары зардап шекті. Жалпы егіс көлемінің 45% жай-күйі қанағаттанарлық. Былтырға қарағанда биыл мол өнімге кепіл жоқ.
Шаруалар құрғақшылықтан өз алқаптарын сақтандыруға асық. Бүгінде екі қожалық агросақтандыру жүйесіне жүгініп, өтемақыға өтініш берген.
Нұрсұлтан Қабделов, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:
- Бірде-бір жаңбыр түспеген аудандар жоқ. Әрбір ауданда уақытында өздерінің жаңбырлы кезеңдері болды. Бірақ кейбір аудандарда мамыр айында болса, кейбіреуінде маусымда болды. Бірақ жеткіліксіз.
Күзгі дала жұмыстары кезінде диқандар шамамен 5 млн гектардай алқаптан өнімді терім алады. Осы мақсатта арзандатылған бағамен 75 мың тонна дизельді отын бөлінген. Сыйымдылығы 8 млн тоннаға жуықтайтын астық қабылдау кәсіпорындары дайын тұр.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Сергей Трахтенберг