Түркістанда 2 мыңға жуық жас маман өз идеяларын жүзеге асырды
Биыл ғана ашылған өңірдегі Жастар орталығынан кеңес алып, өз кәсібін ашқандардың қатары артып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент атанғаннан кейінгі алғашқы сапарын да осы киелі шаһардан бастаған болатын.
Дүйсенәлі Оразымбетов Жастар орталығына сәуір айында келген. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында осы орталықтағы бизнес тренерлерден дәріс алып, білімін шыңдаған. Соның нәтижесінде жас жігіт өз жобасын қорғап, кәсібін ашқан. Қазір 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол идеясын жүзеге асыруға осы орталықтың көмегі көп тигенін айтады.
Дүйсенәлі Оразымбетов, жас кәсіпкер:
- Маған жобаны қалай жасау керектігін, әрі қарай қалай жүргізу қажеттігін үйретті. Одан соң қасыма команда жинадым. Сол арқылы лабиринті және квест бөлмесі бар кішігірім ойын-сауық орталығын аштым. Қазір ғылыми даму орталығын ашу бойынша ауқымды жобаны қолға алдым. Соны қорғап, бұдан да үлкен белестерді бағындырып, қаламызды көркейтуге үлес қосамын деген ойым бар.
Наурыз айындағы Түркістанға жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үлгідегі көпфункционалды Жастар орталығында болып, белсенді жастармен кездескен болатын. Онда Президентке орталықтың атқаратын қызметі мен мүмкіндіктері таныстырылды. Сол сапары барысында Мемлекет басшысы талантты жастарға қолдау керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің елімізде бәсекеге қабілетті әрі талантты жастар өте көп. Сондықтан осындай креативті, ойлары ұшқыр жастарға кеңінен жол ашып, жағдай жасауымыз керек. Бұлар жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмыс жасайды деп сенеміз.
Сонымен қатар Президент жергілікті билікке Жастар орталығын одан әрі дамыту және жастардың жұмыссыздық мәселесін шешуді тапсырды. Бұдан бөлек жастардың кәсіпкерлікпен айналысып, жан-жақты білім алуын қолдау туралы бірқатар міндет жүктеген болатын.
Береке Дүйсебеков, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы:
- Соның аясында біз жергілікті жастарға жан-жақты өмірлік қажетті дағдыларды оқыту, «Жасыл ел» еңбек жасағына, құрылыс отрядтарына, жазғы маусымда жаңа облыс орталығының көркеюіне үлес қосу және одан табыс табуды көздеу мақсатында жастарды жұмылдырып жатырмыз. Биыл 160 жас жергілікті жерде абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын Жастар ресурстық орталығы бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Мысалы, онда жастарға қызмет көрсету бөлімі, еріктілер клубы, жас сарбаз, кәсіпкерлік және тілдер мектебі жұмыс істейді. Сонымен қатар хаб, коворкинг орталығы, мобильді топ және заңгерлік кеңес бөлмелері бар. Мұнда жастар тәжірибе алмасып, идеяларын іске асыра алады. Сонымен қатар робототехника, электронды кітапхана, медиа студия және психологиялық кабинеттер жастардың жан-жақты дамуына, бойындағы өнері мен қабілетін шыңдауға толық мүмкіндік береді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш