Түркістандықтар Наурызды тойлау үшін этноауылға жиналды
Түркістандықтар бүгін Наурызды тойлау үшін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы этноауылға жиналды. Жарқыраған ақшаңқан үйлер, сән-салтанаты жарасқан қыз-келіншектер мерекенің ажарын аша түсті.
Баршаңызды түбі бір түркі жұртына ортақ Наурыз мейрамымен құттықтаймыз. Ұлыс оң, ақ мол болсын. Біз қазір Конгресхолл кешенінде тұрмыз. Мұнда бүгін кешке елімізге белгілі дизайнердің ұлттық киімдер көрсетілімі және эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.
Бүгін наурыз мерекесі Түркістанда үш жерде тойланды. Ең ауқымдасы Жеңіс саябағы мен этноауылда өтті. Қыз ұзату, сыңсу айту, күйеу түсу және беташар сияқты салт-дәстүріміз қайта жаңғыртылып, көпшілік назарына ұсынылды. Театрландырылған қойылымдар да қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Жеңгейлер ұлттық тағамдар әзірлеп, наурыз көже пісірді. Ал әжелер жас ұрпаққа ұмыт болып бара жатқан жүн түтіп, жіп ирілу және алаша тоқудың қыр-сырын үйретті.
Әсия Мелдеханова, қала тұрғыны:
-Мереке қарсаңында Түркістанға келушілердің саны көбейді. Наурызнама он күндігі аясында киелі шаһарға 20 мыңнан аса турист келеді деп жоспарланған. Жалпы Түркістанда 1240 нөмірлік 60 қонақ үй бар.
Мамандар қазір қаладағы қонақ үйлерде мүлде орын жоқ екенін айтады. Біз бүгін Түркістандағы наурызды көру үшін елордадан арнайы келген меймандардың пікірін жазып алған едік. Бірге тыңдайық.
Қайраткен Нығметов, қала қонағы:
-Ауа райының қолайсыздығына қарамастан халықтың көңіл күйі көтеріңкі, наурызға деген ықыласы ерекше. Қыстан қысылып шыққан ағайынның көктемді, оның ішінде ұлыс күнін сағынғаны байқалады. Сән-салтанаты жарасқан қыздар мен жігіттер алтыбақан теуіп, бір-бірінің көңілін аулады. Бөріктілер қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, асық ату сияқты ұлттық ойынның көрігін қыздырып, наурыз-думанның ажарын аша түсті. Бірер минуттан кейін конгресхоллда концерт басталады.