Ұялы телефон ұстап өскен оқушыларды мұғалімдер қалай білімге баулып жатыр?
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаздан тәрбие алмайтын жан жоқ. Елімізде 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оның 400 мыңға жуығы мектепте оқитын 4 млн-ға жуық балаға сабақ береді. Ал бүгінгінің балалары өзгеше. Қолына смартфон ұстап өскен жастарды мұғалімдер білімге қалай баулып жатыр?
Әйгерім Бауыржанқызы: «Ұстаз болу бала арманым еді»,– дейді. Мектепте оқып, мұғалімін үлгі тұтқан кішкентай ғана қыз, бүгінде өзі педагог. 5 жыл бойы балаларға тәлім беріп, білгенімен бөлісуден шаршамайды.
Қазіргі оқушылардың таңы тақтаға шығудан емес, қолына смартфон ұстаудан басталады. Олай дейтініміз, Әйгерім Бауыржанқызының сабақ беру тәсілі ерекше. Биология пәнінде оқушылар материалды жақсы игеруі үшін ұстаз сабақтың 5 минутында жасанды интеллектті қолданады. Мәселен, дәл қазір балалар телефонмен жүрекқағысын анықтап жатыр. «Бұл оларға сабақта өткен материалды көзбе көз көріп, жадында жақсырақ сақтауға мүмкіндік береді»,– дейді ұстаз.
Әйгерім Бауыржанқызы, ұстаз:
-ЮНЕСКО мәліметтері бойынша әлемде 10% мұғалімдер ғана жасанды интеллектті пайдаланады екен, ал оқушылардың жасанды интеллектті пайдалануы 30% жоғары. Сонда яғни біздің білім алушылардың қызығушылығы жоғары. Сол тараптан біз осы жаңа тенденциялардан, жаңа технологияларды қолданудан қорықпауымыз керек және оны қолдануымыз керек.
Ал бұл – Меруерт Әлімбайқызы. Ол математика пәнінен сабақ береді. «Балалармен бір толқында болып, материалды оларға қажетті форматта түсіндіру маңызыды»,– дейді ұстаз. Сондықтан ол бос уақытында әлеуметтік желіде белсенді.
Меруерт Әлімбайқызы, ұстаз:
-Қазіргі таңда балалар өзгеше. Олардың ойлау қабілеттері де өзгеше. Олар ақпаратты да өзгеше қабылдайды. Біз де балалармен бір толқында болуымыз қажет. Олар күнделікті өздерімен бірге смартфондарын пайдаланады. Сондықтан олардың көп уақыты әлеуметтік желіде кетуі мүмкін. Сол әлеуметтік желінің өзінде біз пайдалы ақпаратты беруіміз керек.
Қолына кітап пен техниканы қатар алған заманауи педагогтар саны күн сайын артуда. Балалардың игілігі жолында қызмет етіп жүрген ұстаздарымызды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Авторлары: Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев