Елімізде алдағы 3 жылда 190 мектеп салынады
Орын тапшылығы мәселесі жақында Үкімет отырысында көтерілген болатын. Бұл тек туу көрсеткішіне қатысты емес, көші-қонға да байланысты мәселе. Министрлік жаңа мектептерді салу әдістемесін қарастыруда. Мектеп тапшылығының себебі неде, оны шешу үшін қандай шаралар қабылданады?
Атырау облысында мектеп жетіспейді. Бұған демографиялық дүмпу мен көшіп келушілер санының артуы себеп болып отыр. Мәселен, облыстағы Тасқала мен Құрсай ауылдарының балалары бір мектепке баруға мәжбүр.
Аружан Қобылан, 6-сынып оқушысы:
- Мен мектепке дейін 45 минут жүремін. Сабағым 08:00-де басталады. Қыста суық, тоңамыз, сосын қайта-қайта кешігіп қала береміз.
Мұндай мәселе көп облыста бар. Биыл еліміздегі оқу орындары 3 млн оқушыны қабылдайды. Оның 405 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттайды, былтырғыдан 20 мыңға көп. Қазір оқу жылына мектептердің 85% ғана дайын.
Сондай мектептердің бірі Теміртауда орналасқан. Онда әлі әрлеу жұмыстары да аяқталмаған. Оқу жылына үлгеруі екіталай, ғимарат тіпті ресми тіркелмеген. Оқытушылар құрамы жасақталмаған. «Осыған қарамастан мектеп жұмысын уақытында бастайды», – дейді білім басқармасының өкілдері.
Гүлмира Қабдиева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз құрылыс бөлімі техникалық құжатын бермегендіктен, мектеп ғимаратын уақытылы облыс меншігіне рәсімдеп үлгермедік. Бірақ осы аптада бұл мәселені түбегейлі шешеміз деп ойлаймын.
600 орындық мектеп 2 жыл бұрын тапсырылуы тиіс болған. Бірақ тендерге байланысты шу шығып, құрылыс шегерілген. Ал 30 жыл осы салада қызмет еткен сарапшы құрылысшы Низамхан Сүлейманов 1 мектептің бірнеше жыл салынуы өрескел ереже бұзушылық екенін айтады.
Низамхан Сүлейманов, құрылысшы:
- Бір мектепті 5 айдан 1 жылға дейін уақыт аралығында салса болады. Әрине, құрылыс материалдары сапалы, жұмысшылар да жақсы болу керек.
Елде алдағы 3 жылда 190 жаңа мектеп тұрғызылмақ. Қазір тапшылық мәселесін шешу үшін жекеменшік оқу ордалары да көптеп ашылуда.
Роза Садықова, Қазақстанның жекеменшік білім беру ұйымдары республикалық бірлестігінің төрайымы:
- Жекеменшік мектептердің саны жан басына қаржыландыру қағидасын енгізгелі 146-ға жетті. Жыл соңына дейін тағы 23 мектеп ашылады.
Мемлекеттік, жекеменшік болсын жаңа мектептер салынып жатыр, ескілері жөнделуде. Соның өзінде мектеп оқушыларына 196 мың орын жетіспейді.
Бала саны көбейсе, сәйкесінше оларды оқытушы да көп болуы керек. «Елімізде мұғалімдердің мәрттебесі көтерілсе, бұл проблема шешілуі тиіс», – дейді мамандар. Ұстаздар мәртебесі туралы жаңа заң жақында Мәжіліске жолданады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин