«Қазақстанның сакралды географиясы» аясында 100 нысан енгізілді
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген мақсат-міндеттерге сәйкес Жетісу өңіріндегі киелі жерлердің картасы әзірленген еді. Оған 100-ге жуық нысан енді. Облыстық туризм басқармасының бастамасымен қазір сол табиғаты әсем жерлерге ақпараттық турлар ұйымдастырылып жатыр.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Біз қазір теңіз деңгейінен 1630 метр биіктікте орналасқан Жасылкөлде тұрмыз. Шынын айту керек, бұл жерге жетудің өзі қиямет. 5 шақырым жаяу тауды қиялап өтіп, әзер жеттік. Дегенмен биылдың өзінде мұнда 200-ге жуық турист демалыпты.
Жасылкөл өткен ғасырдың орта тұсында жер сілкінісінен кейін пайда болған. Таудан құлаған тастар өзеннің арнасын жауып қалып, бұл жер осындай әсем көлге айналыпты. Оның көлемі 50 гектар, тереңдігі 100 метрге жуық екен. Суы мұздай болғандықтан, мұнда ешқандай балық тіршілік етпейді.
Талғат Құсайынов, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары:
- Бұл – құдайдың берген табиғаты тамаша жер. Бірақ мұны дамыту керек. Өздеріңіз көргендей, кішкене жолы ауырлау. Табиғатқа сай тұрғаны дұрыс деп ойлаймын.
«Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 2010 жылы небәрі 40 шақты турист болса, биыл мұнда 500-ге жуық адам келіп кеткен. «Әдетте саяхатшылар қатары тамыздың ортасы ауа көбейеді. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Жататын орны, ішетін тамағы, тауға шығатын техника мен аттарға дейін әзір тұр», – дейді мамандар.
Арлан Харов, саяхатшы:
- Өзім көршілес қырғыз еліндегі туристік компаниялардың бірін басқарамын. Жоңғар Алатауына бірінші рет келіп тұрмын. Табиғаты өте әсем, маған қатты ұнады. Болашақта туризмнің Меккесіне айналдыруға болатын жер екен.
Альбина Әмренова, туристік компания өкілі:
- Негізі осы Жасылкөлді көптеген жыл бойы естіген едім. Енді өзім бірінші рет келіп, көріп, тамашалап кетіп бара жатырмын. Ендігі мақсатымыз – осы жерге қазақстандықтарды, шетелден келген қонақтарды алып келу.
Облыстық туризм басқармасының бастамасымен биылдың өзінде өңірдегі бірнеше мемлекеттік ұлттық табиғи паркке ақпараттық тур ұйымдастырылды. Оншақты жыл бұрын Көлсай көлдері мен Шарын шатқалының жағдайы тап осы Жасылкөлдегідей еді. Тақтайдай тегіс жол салынуының арқасында қазір ол жерлерде күніне мыңдаған адам демалуда. Инфрақұрылымын жақсартса, Жасылкөлдің де сондай туристік нысанға айналары сөзсіз.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев