Алматылық альпинистер Іле Алатауындағы тау көшкініне тап болды
Мамандардың жауын-шашынға байланыста әуеге көтерілу мүмкіндігі жоқ. Алматылық альпинистер Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин Тянь-Шань тауының ең биік шыңы «Победа» құзына шығып, қайтар жолда қар құрсауында қалған. «Победа» шыңына сапарды қырғызстандық туристік компания «Aksai-Travel» ұйымдастырған. Альпинистер соңғы рет байланысқа 6600 метр биіктікке шығып, көмек сұраған. Айта кету керек, бұл топтағы Мұрат Өтепбаев – альпинизмнен спорт шеберлігінен үміткер. 13 жылдық еңбек өтілі бар. Бірнеше мәрте құтқару-іздестіру жұмыстарына қатысқан. 2015 жылы әйгілі альпинист Геннадий Дуровты та іздестіруге атсалысқан болатын.
Қазақстандық альпинистер қар құрсауында қалғаны жайлы мәлімет тамыздың 17-сі күні жарияланды. Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев байланысқа 15 тамызда шыққан болатын. Сол кезде альпинистік топтың құрамында болған Александр Чечулин өкпесі ісіп, қайтыс болғаны айтылыпты. Ақпарат келісімен Қырғызстанның құтқарушылары альпинистерді құтқару үшін МИ-8 тікұшағымен әуеге көтерілген.
Нұрсұлтан Нұрахмет, ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:
- Іздестіру жұмыстары нәтиже бермеді. 19 тамыз күні сағат 13:20-да Алматы облысының «Қарқара» базалық лагеріне 3 адамнан құралған жоғарғы білікті қазақстандық альпинистер тобы жеткізілді. Альпинистерді Қырғыз Республикасына жеткізу үшін ҚР ТЖК МИ-171 тікұшағы дайындалды.
Мамандардың айтуынша, құтқару операциясын жүргізуге ауа райы кедергі болып тұр. Тянь-Шань тауының бөктерінде жаңбыр, ал шыңында қар жауып тұр екен. Ал альпинистердің түнеуге арналған шатыры мен құрал-жабдықтарын жел ұшырып әкеткен. Қандай қиындықтар болса да, тау шыңын бағындыруға аттанғандардың жақындары оларды сеніммен күтіп отыр.
Жалпы Тянь-Шань тауы Орталық Азияда 5 елдің аумағында орналасқан. Ең биік шыңы «Победа» деп аталады. Дәл осы 7439 метр биіктікті тәжірибелі альпинистер Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев пен Александр Чечулин бағындырмақ болған екен.
Сергей Беляков, альпинизм мен құзға шығу бойынша мемлекеттік жаттықтырушы:
- «Победа» әлемдегі ең қиын шыңдардың бірі болып саналады. ТМД төңірегінде олардың саны бесеу. Қиындығы жағынан ең соңғы, яғни 6-шы санатқа жатады. Онда қатты боран соғады, мұз да бар. Биіктеген сайын маршрут қиындай түседі. Бұл альпинистер – спорт шеберлігіне үміткерлер, өте тәжірибелі мамандар.
Қазір қазақстандық құтқарушылар «Қарқара» базалық лагерінде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұша алмай отыр.
Василий Пивцов, құтқару операциясының жетекшісі:
- Ертең ауа райының қолайлы болғанын күтеміз. Кейін оқиға болған маңға ұшамыз. Тепловизордың көмегімен тірі адамдардың бар-жоғын анықтаймыз немесе топты жүрген іздері бойынша іздейтін боламыз.
Айта кету керек, альпинистер соңғы рет байланыста шыққанда 6500 метр биіктікте болған. Мамандардың айтуынша, МИ-8 тікұшағына рұқсат етілген ұшу биіктігі – 4500 метр. Енді МИ-171 тікұшағының көмегімен альпинистер жолға шыққан 5 мың метр биіктікке құтқарушыларды жеткізеді. Олар кейін жаяу қар құрсауында қалған отандастарымызды іздейтін болады. Құтқару операциясына Қырғыз елінің де альпинистері тартылмақ.
Авторлары: Риат Шони, Серік Қоңырбаев