Хабар телеарнасы

Алматыда атом энергетикасын дамыту жолдары талқыланды

Заманауи технологиялық өзгерістер электр энергиясына сұранысты арттырып отыр. Атап айтқанда, индустрияландыру, урбанизация және цифрлық технологиялардың өнімділігін қамтамасыз ету үшін қуат көзінің тұрақтылығы қажет. Сондықтан ел экономикасының ұзақмерзімді дамуы, энергетикалық сектордың сенімділігі, экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан атом энергиясына балама жоқ, - дейді сарапшылар.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Ұлттық сараптама алаңында ядролық физика, атом энергетикасы және өнеркәсіп саласындағы жетекші қазақстандық ғалымдар бас қосып, Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту жолдарын талқылады.

Бауыржан Ибраев, Орталық Азиядағы New Nuclear Watch Institute консультациялық кеңесінің төрағасы:

- Мен өзім өмір бойы сол атом стансасында тәжірибе алғанмын. Үш мемлекетте атом стансасында ғылыми жұмыстар өткізгенмін. Сондықтан атом стансасының пайдасын өзім жақсы білемін. Соған қарағанда ғылыми жағынан, индустрия жағынан, экономика жағынан өте үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

АЭС: Сауалнама не дейді?

«Референдум – жалпыұлттық ауқымдағы шешімдер қабылдаудың заңды тәсілі», - дейді Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина. Сондай-ақ іс-шара барысында АЭС құрылысына байланысты жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері жарияланды.

Алуа Жолдыбалина,  ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

- 20 тамыздың шамасында берілген мәліметтерге сәйкес, халықтың шамамен 53%-і бүгінде атом электр стансасын құруға байланысты өздерінің қолдауларын көрсеткен. Соңғы қыркүйек айындағы мәлімет 60%. Яғни 53-тен 60-қа дейінгі халықтың пікірі басым болып келе жатқанын көріп тұрмыз. Бұл сауалнама нәтижесі.