Хабар телеарнасы

Елде жыл сайын ауаға 940 мың тонна улы зат тарайды

Еліміздегі жылу электр стнасалары жыл сайын 60 млн тоннаға дейін көмір жағады. Ал одан ауаға шығатын көмірқышқыл газының қоршаған ортаға тигізетін залалы орасан.

Елдегі электр энергиясының 70% үлесі көмірмен жұмыс істейтін 40 жыл болған ескі станцияларға тиесілі екенін ескерсек, зиянды қалдықтардың бөлінуі көбеймесе, азаймайтыны анық. Оның сыртында Қазақстан 2060 жылға дейін көмірді біртіндеп басқа қуат көздерімен алмастыруды көздейтін «Көмірсутек бейтараптығы» стратегиясын бекітті. Яғни халықаралық қауымдастық алдында міндеттеме бар.

Ерболат Қожықов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

- Еліміздегі көмір жағатын 19 станциядан жылына 940 мың тонна улы газ ауаға шығып жатыр. Оларды жаңалау тиімсіз, орасан көп шығын шығады. Десек те 2029 жылға дейін зиянды қалдықтарды 366 мың тоннаға дейін азайтуымыз керек. Бұл ретте Энергетика министрлігімен бірлескен жоспарымыз бар. Ал таза экологиялық энергия көзі ретінде Атом станциясының салынуын біз қолдаймыз. АЭС зиянды қалдық бөлмейді, сондықтан ол біздің көмірқышқыл газының көлемін азайту миссиямызға үлкен қолдау болар еді.