ШҚО-да Қаптағай батырға арналған ескерткіш ашылды
«Мақсатымыз – ер есімін ел есінде сақтап, жастарға үлгі ету», – дейді ұйымдастырушылар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен салтанатты шарада ұлтттық спорт ойындарынан сайыстар өткізіліп, соңы ұлан-асыр тойға ұласты.
Қаптағай Түгелбайұлы – 1700-1760 жылдары өмір сүрген қазақ батыры. Тарихшылардың айтуынша, Абылай заманында талай жауға тойтарыс беріп, шепбұзар батырлар қатарында болған. Жоңғарды тау асыра қуған ол жауынгерлік шеберлігімен көзге түскен. Баба есімін ұлықтап, насихаттау мақсатындағы шараны өткізуге 5 ай әзірлік жасалыпты. Тек қана ескерткіштің өзіне 10 млн теңге жұмсалған.
Серік Көкенайұлы, батыр ұрпағы:
- Ата-бабамыздың жатқан жерінің тура басына әкеліп қойдық. Жалпы ұзындығы 7,5 метрді құрайды. Үлкен тасының ауырлығы 12 тонна болса, астындағы тас 6,5 тонна.
Ғұмырын ел мен жерін қорғауға арнаған Қаптағай батырдың рухына тағзым етуге Германия, Түркия, Франция сынды елдерден отандастарымыз ат арылтып келді. Моңғолиядан осы тойға арнайы келген қонақтар ауданға 90 уықты сәні мен салтанаты келіскен киіз үй тарту етті. Бұл рухани басқосуға әйгілі бүркітші қыз Айшолпан да жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан ат басын бұрыпты.
Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:
- Бүркітім Моңғолияда, қазір әкем мен ағам қарап жатыр. Алдағы жоспар сабаққа барамын, ал оныншы ай бүркітшілер тойына қатысамын. Қаптағай атамыздың жиені боламын.
Жиналған жұрт түрлі спорттық ойынға қатысып, небір қызықты сайыстарды тамашалады. Әсіресе пышақтың жүзіне тұрып кір тасын көтерген азамат жиналған жұртты таңғалдырды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы өлкедегі өзге де бастамаларға түрткі болуда. Мәселен, өңір кәсіпкерлері аудандағы бүкіл 27 мектепті роботты сыныптарымен жабдықтап шықты. Тағы бірі мешіт салып, спорттық алаңдар ашып, ауыл-аймақты гүлдендіруге ат салысуда. Ендігі меже – туризмді дамыту.
Зумрад Дүйсенбаева, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары:
- Табиғаты керемет жер, мұз да, шөл де, көл де бар. Осының барлығы туристерге сұранып тұрғандай. Сондықтан туризмді дамытуға бет алдық.
Жалпы өңірде аталған бағдарлама басталған екі жылдан астам уақыт ішінде 675 млн теңге игеріліпті. Осылайша 64 ірі жоба іске асырылған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов