Хабар телеарнасы

ШҚО-да орманды алқаптар маңында бақылау күшейтілді

Шығыс Қазақстанда орманды алқаптар маңында бақылау күшейтілді. Бірнеше мобильді топ құрылып, жасыл желекті аудандарды жиі аралай бастады. Негізгі мақсат – браконьерлердің жолын кесу. Өйткені жаңа жыл қарсаңында шырша шауып, оны сатып, пайда көргісі келетіндердің қарасы көбейеді. Сондықтан арнайы бекеттер ашылып, жерден де, көктен де барлау жасалып жатыр. Тіпті бұл іске қарда жүретін техникалар да жұмылдырылған.

Орманшылар үшін отыз градус аяз кедергі емес. Өйткені қақаған қыс, омбы қарда да орманды отаушылар табылады. Оның үстіне жаңа жыл мерекесі де жақындап қалды. Демек сақтықты бұрынғыдан да күшейту керек.

Бұл Тарханка ауылының тұсы. Жасыл желек 35 мың гектарды алып жатыр. Қалаға жақын болғандықтан, браконьерлердің көзі жиі түседі. Сондықтан 24 адамнан тұратын команда табиғат қаскөйлері өтуі мүмкін жолдардың бәрін қарайды. Қолдарында арнайы карта да бар.

Ауылдан шыққан көліктер мұқият тексеріледі. Он стационарлық бекеттен бөлек, мобильді топтар да жұмыс істейді. Мамандар табиғатқа зияннын тигізген адамға қылмыстық жауапкершілік бар екенін де түсіндіріп жатыр.

Нұрлан Сәттібаев, «Өскемен орман шаруашылығы» КММ бас инженері:

- Күндіз-түні кезекшілік  ұйымдастырылды. Келген кеткен үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз және оларға парақшалар таратамыз. Осы күнге дейін жас қылқан ағаштарын кескен адамдар ұсталған жоқ. Ұсталған жағдайда ҚР ҚК 340 бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.

Жалпы өлкеде  1,5 мың гектар жазық әрі таулы  аумақты орман көмкеріп жатыр. Мәселен, Риддерде теңіз деңгейінен 1800 м биіктікте жұмыс істеп жатқан орман шаруашылығы бар. Яғни ойлы-қырлы өңірді жерден ғана бақылау жеткіліксіз, - дейді аға инспектор Әсет Қизатов.

Әсет Қизатов, ШҚО ПД Табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы:

- Әуеден барлау жасаудың маңызы ерекше. Риддер,Глубокое,Шемонаиха аудандарында  енді ғана желкілдеп өсіп келе жатқан шыршалар көп. Сондықтан сол бағытта күзетті күшейттік.

2023  жылы қаскөйлер 2 мың текше метр тал-ағашты отап әкеткен. Ал биыл бақылауды күшейтілгендіктен,  желтоқсан айында заңсыз шырша кескендер тіркелмеді, - дейді табиғатты қорғау инспекторлары.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин