ШҚО-да Ұлттық ядролық орталық екінші реакторды іске қосады
Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары осы теория бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алған. Нақтырақ айтсақ, олар қазақстандық материалтанымдық «Тоқамақ» реакторын іске қосудың екінші кезеңіне дайындықты бастады. Бұл халықаралық ITER жобасында аса маңызға ие.
Болашақта Қазақстан шексіз таза қуат беретін өзінің «жасанды аспан күніне» ие болады. Әзірше бұл теория ғана. Осы мақсатқа жету үшін Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары 20 жыл бойы мыңдаған зерттеу мен тәжірибені үздіксіз жасап келеді. Мамандардың пайымдауынша, «Тоқамақ» қазақстандық материалтанымдық қондырғысының болашақ энергиясын өндіретін әлеуеті бар.
Ерлан Батырбеков, ҚР ҰЯО РҚЭИ РМК филиалының бас директоры:
- Адамзат плазманы ұстап тұруды үйренсе, онда жерде шағын күнге ие болады. Біраз мәселе шешімін табады. Себебі термоядролық синтез – экологиялық таза энергия көзі. Ол сарқылмайды. Бұл ретте сутегінің изотоптары пайдаланылады. Ал сутегі мұхит суы сияқты. Оны өндіріп алу аса қиындық тудырмайды. Әрине, ол үшін сутегі шығаратын ядролық технологияларға, жоғары температуралы реакторларға қол жеткізуіміз қажет.
Қазір ғалымдар қазақстандық материалтанымдық «Тоқамақты» іске қосудың екінші кезеңіне дайындықты бастап кетті. Бұл – халықаралық ITER жобасының басым бағытқа ие бастамасы. Демек, келешекте термоядролық синтез адамға бағынышты болады. Айта кету керек, реактор алғаш рет «ЕХРО-2017» көрмесіне орай пайдалануға берілген.
Денис Зарва, ҚР ҰЯО басқарма басшысы:
- Екі жыл бұрын алғашқы плазма алғанбыз. Оған дейін 2010 жылы сынамалы түрде іске қосып көрдік. Тексеріс кездегі плазмалы разряд «Тоқамақты» пайдалануға беру бағдарламасына сай келді.
Дәл осындай зерттеулер әлемде сұранысқа ие. Бүгінде «Тоқамақты» бірлесе пайдалану бойынша ТМД елдерімен келісім жасалған. Өз кезегінде Қазақстан реакторды табыс көзіне айналдыруға ниетті.
Бауыржан Шықтыбаев, ҚР ҰЯО Атомдық энергия институты филиалының бөлім бастығы:
- Барлық зерттеу әлемдік ғылым үшін аса қызық. Қазір Францияда ITER деп аталатын сынамалы термоядролық реактордың құрылысы басталды. Ол осындай реакторлардың жүзеге асу мүмкіндіктерін көрсетуі керек. Алайда материалдық тұрғыда шешілмеген мәселелер жетерлік. Яғни плазмаға қатысты материалдар тізбегі әлі таңдалған жоқ. Ал біздің қондырғыда осындай зерттеулер жүргізіледі.
«Тоқамақты» іске қосудың екінші соңғы кезеңі қыркүйек айына жоспарланған. Содан кейін реактор кешені толық пайдалануға беріледі.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Әсем Өтешова