Алтай ауданы Средигорное ауылында 1,5 жасар бала жоғалып кетті
Алтай ауданы Средигорное ауылындағы Талғатовтар отбасының кішісі Әлихан 17 тамыз күні аулада ойнап жүрген жерінен ізім-ғайым жоғалды. Бүлдіршінді іздеуге полиция және төтенше жағдайлар қызметі, еріктілер мен ауыл тұрғындары атсалысуда. Жалпы 200-ден астам адам жұмылдырылып, кәсіби иттер қолданылып жатыр. Ауыл ішіндегі ой-шұңқырлар мен жертөлелер, құдықтар қаралды.Тәртіп сақшылары тіпті сол ауданды кесіп өтетін басты жолдарда кезекшілік жасап, барлық көліктерді тексерген. 20 арнайы техника мен квадракоптер пайдаланылуда. Құтқарушылар сол үйден 20 метр жерде ағып жатқан өзенді де сүзіп шықты. Іздеу жұмыстары тоқтамайды.
Анастасия Скляр, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
- Әзірге бала сол маңдағы өзенге құлап кетуі мүмкін деген болжамымыз бар. Сондықтан барлық су арналары басты назарға алынды. Дегенмен өзеннің маңы қалың қамысқа толы. Сол себепті жағалауды да мамандар жіті қарап жатыр.