Хабар телеарнасы

ШҚО-да тасқынның алдын алу жұмыстары басталды

Шығыс Қазақстан облысында тасқынның алдын алу жұмыстары басталды. Мәселен, Өскеменнің шағынаудандарын селден қорғау үшін су арналары салынып жатыр. Сонымен қатар каналдар қоқыстан тазартылып, Үлбі өзенінің жағалауына шағылтас төселуде. Су тасқынының алдын алу үшін қазынадан қанша қаржы бөлінді?

Үлбі өзенінің 18 шақырымы Өскемен қаласы арқылы өтеді. Биыл көктемде мұндағы су деңгейі 1 метрге дейін көтерілді. Салдарынан жүздеген үйге қауіп төнді. Қазір өзен арнасы тереңдетіліп, қоқыстан тазартылып жатыр. Шаһар аумағындағы 4 өзен мен 6 бұлақта да осындай жұмыстар қолға алынған. Бүгінге дейін 30 мың шаршы метр шағыл тас төселіп, жағалаулар нығайтылды.

Амангелді Еңсегенов, қалалық ТЖД бастығы:

- Тасқынның алдын алу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, арық-атыздар тазаланып жатыр. Біздің мамандар үлкенді-кішілі каналдардың барлығын қарап, тексеріп жатыр. Бітелген тұстары болса, әкімдікке хабар береміз. Себебі аздаған қоқыстың өзі арықтың кептелуіне сеп болуы мүмкін.

Биыл су тасқынының алдын алу жұмыстарына қала бюджетінен 100 миллион теңге бөлінді. Бұл былтырға қарағанда 3 есе көп қаражат. Сондықтан бұған дейін қараусыз қалған арнаның бәрі тазартылады, - дейді жергілікті билік өкілдері. 

Қайрат Тәнекенов, қала әкімінің орынбасары:

- Жағалауларды нығайтумен қатар ескі құбырларды ауыстырып жатырмыз. Бұл жұмыстар тек көктемде емес, жаздыгүні де жүргізіледі. Арықтардың тазалығы да жыл бойы бақылауда болады.

Биыл еліміздің 6 аймағында болған су тасқынынан 300 миллиард теңге залал келді. Еліміздің шығысында төтенше жағдай болмағанымен, мұндағы құтқарушылар мен коммуналдық мекеме қызметкерлі апат болған аймақтарға қол ұшын беру үшін күн-түн демей жұмыс істеді.

Мерей Бает, Вячеслав Ветлугин