ШҚО-да онкологиялық орталық жанынан пансионат ашылады
Онда шалғай аудандардан келген науқастар бірнеше күн тегін тұрып, ем алады. Өткен жылы онкологиялық орталыққа ауыл-аймақтан 2 мыңға жуық науқас келіп қаралыпты. Сол уақыт аралығында бөлме жалдап тұруға мәжбүр. Ал бұл онсыз да ауыр дертке шалдыққан зейнеткер үшін артық шығын.
Айта кетсек, қазір облыстағы онкологиялық орталықта 14 мың адам тіркеуде тұр.
Валерий Зарипов, емделуші:
- Әрине, пансионат ашылса, жақсы ғой. Қайда тұрамын деп алаңдамаймыз. Асықпай келіп, ем-шараны қабылдауға болады. Әйтпесе мен бір бөлмені 65 мың теңгеге жалдап жүрмін.
Анна Кухарева,облыстық көпсалалы онкологиялық орталық директорының орынбасары:
- Пансионат осы орталық маңынан ашылады. Яғни емделушілер ары-бері автобуспен қатынап, сабылмайды.
Ал Қарағандының көпбейінді ауруханасында радиациялық онкология және химиятерапия бөлімдері ашылды. Онда дәріхана, ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиография мен рентген кабинеттері бар. Ал радиациялық онкология бөлімі кез келген қатерлі ісікті емдеуге арналған «томотерапия» аппаратымен жабдықталған. Замануи құрылғы сәуленің сау ағзаға тигізер әсерін барынша төмендетеді.
Еске салсақ, Қарағанды облысында 22 мың науқас тіркеуде тұр. Олардың көбі өкпе және сүт безі обырына шалдыққан.