Маралды көліндегі оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жергілікті тұрғындар жекеменшік күзет агенттігінің қызметкерлерімен төбелескен. Күзетшілер травматикалық қару атып, бес адам зардап шеккен.
Оқыс оқиға орнына арнайы отряд мамандары жетіп, жанжалды тоқтатты. Алдын ала болжам бойынша агенттік өкілдері көлден артемия салина шаяндарын аулаған азаматты ұстаған. Заңсыз әрекет еткен азаматтың көлігінен екі қап өнім тәркіленді. Бірақ құрықталған азамат кінәсін мойындамаған. Зардап шегушінің айтуынша, оны күзетшілер ұрып-соғып, травматикалық қару атқан. Оқиғадан соң тұрғындар арасында атыс басталған. Бес адам жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Облыстық Полиция департаментінің бастығы Амантай Әубәкіров Жылыбұлақ ауылының тұрғындарымен кездесіп, бұл істі жеке бақылауына алатынын айтты.
Байязхан Қаракесеков, зардап шегушінің әкесі:
- Ұлым мал қарауға барғанда облыс және аудан тәртіп сақшыларының болғанын айтады. Олар ұлыма кісен салып, бір қолынан іліп қойып, ағашпен ұрған. Қазір мүгедек болып жатыр. Өзі ештеңе аулайтын кісі емес. Менің түсінігім бойынша, далада мал қарап жүрген. Тіпті күдікті немесе кінәлі болған жағдайдың өзінде оларды тиісті орынға алып барып, заңды түрде жауап алу керек еді.
Мұратжан Шакеров, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Қазіргі уақытта жекеменшік күзет агенттігінің әрекетіне қатысты Қылмыстық кодекстің 252-ші және 389-шы баптары бойынша іс қозғалды. Тергеу амалдары басталды. Көмекке ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкері келді. Тергеу құпиясы негізінде тергеу туралы егжей-тегжейлі айта алмаймын.