Сиверс алмасын сақтап, көбейту жұмыстары қызу жүріп жатыр
Кейінгі жылдары қызыл кітапқа енді. Сондықтан қазір «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тәлімбақтарында сиверс көшеттері өсіріліп, жыл сайын тауға егілуде.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы 356 мың гектар жерді алып жатыр. Соның 8 мың гектарында Жетісудың мақтанышына айналған сиверс алмасы өседі. Бір өкініштісі, биыл мұнда алма жоқ. Көктемде үсік ұрып кетіпті.
Сиверс алмасы негізінен Іле мен Жоңғар Алатауының баурайында, Тянь-Шань және Тарбағатай тауының жоталарында өседі. Оның осыдан 165 млн жыл бұрын пайда болғанын 2002 жылы британдық биолог-генетик Бэрри Джунипер анықтап берді. Шетелдік ғалым: «Жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасы – қазіргі Қазақстан жері» деген қорытынды жасады. Осылайша сиверсті сақтау халықаралық қоры құрылып, Жетісу Алатауында бұл алма түрінің гүлдеуіне арналған фестиваль өткізіле бастады.
Айдана Тұрысбекова, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкері:
- Сиверс алмасы Жапониядағы сакурадан кем емес. Гүлденуі керемет, көздің жауын алады. Басты мақсат – осы сиверс алмасына байланысты атқарылып жатқан қорғау жұмыстарына елдің, халықтың назарын аудару. Бізде де осындай байлықтар бар екенін көрсету.
Мейрамбек Қапасов, ақпараттық туристік орталықтың бөлім басшысы:
- Биыл 31 мамырда ҚР Үкіметімен №360 қаулысымен туризмді дамытудың 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Сол бағдарламада біздің әлемге әйгілі брендіміз болып келе жатқан сиверс алмасы енгізілген.
Жоңғар Алатауының баурайында сиверс алмасының 40 шақты түрі кездеседі. Ол теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте өседі. Қазір сиверс көшеттері өткен ғасырдың 70-ші жылдары құрылған Лепсі тәлімбағында көбейтілуде. Оның аумағы 25 гектар. «Тұқымды шеттен тасымаймыз», – дейді мамандар.
Рустам Самиғұлов, орманшы:
- Сиверс алмасын өсіреміз. Тұқымдар осы жерден жиналған. Биологиялық препараттарды жұмсамаймыз, яғни оларды қолданбаймыз. Бәрі табиғи жолмен өседі.
Сиверс алмасының сонау бор кезеңінің өзінде болғаны археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелденді. Ал оның гүлдеуі – өзінше бір керемет құбылыс. Бүкіл Жетісу Алатауы мамыр айында алқызыл гүлге оранады. Ең бастысы, сиверстің гүлдеуіне арналған фестивальді тамашалауға шетелдіктер көп келе бастады. Биылдың өзінде «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 500-дей турист келген.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев