Волгоград облысы Палласовка ауданындағы қандасымыз үйінен музей ашқан
Ал осы Волгоград қазақтарының басым бөлігі Палласовка ауданында шоғырланған. Бауырларымыз салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұмытпай, өзгелерге өнеге болуда. Мәселен, Эльтон ауылында тұратын Смағұл Монтаев үйінен музей ашқан. Осы арқылы ол ресейліктерге ұлттық ерекшеліктерімізді насихаттап келеді.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Эльтондағы Смағұл Монтаевтың үйіне жаз айларында мыңдаған турист келеді екен. Солардың бірі болып біз де есік аштық. Аулаға кіргеннен бастап мұнда көне дүниелер көз тартады. Ал аула төріне екі ақшаңқан киіз үй тігілген. Бұл киіз үйлердің бірінде, яғни мына үйде қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тигізуге арналған дастархан жайылса, ал екінші киіз үйде қазақтың ұлттық аспаптары, киімдері, басқа да көне бұйымдар қойылған.
Смағұлдың мамандығы – еңбек пәнінің мұғалімі. Шебер жан музейдегі біраз дүниені өзі жасапты. Ал қалғанын Қазақстаннан алдыртқан. Бойында буырқанған ұлттық сезім мен намыс осы іспен айналысуына себепші болыпты.
Смағұл Монтаев, Эльтон ауылының тұрғыны:
- 19 жыл мұғалім болып істеп, балалардың көбі салт-дәстүр тарихын білмейтінін сонда түсіндім. Соларға көрсетемін деп құрған едім. Көп кісі турист болып келеді. Мына киіз үйде музей істедім. Өзім Алматыға, Оралға барып кітап оқыдым.
«Алтын-Нұр» этно-мәдени орталығы осы ауылдағы тұзды көлмен бірге Ресейдің ішкі туристік маршруттарына енгізілген. Сол себепті мұнда адам аяғы үзілмейді. Келушілерді үй иесі өзі қарсы алады. Киіз үйдің ішіне жасына қарай жайғастырып, әр бұйым туралы әңгімелеп береді. Содан соң қолға су құйып, меймандарды келесі үйдегі дастарханға шақырады. Шай құю мен бас тарту, ас салудың жөн-жоралғысын, әр тағамның қалай әзірленетінін түсіндіреді. Үлкенді сыйлау мен қонақ күту әдебі де ұмыт қалған емес. Дәмді тағам пен тәлімді әңгімеден соң қонақтардың қазақ халқына сүйіспеншілігі арта түспеді.
Ольга Бондаренко, Мәскеу қаласының тұрғыны:
- Тамаша әсер алып, таңғаларлық күйдемін. Мәскеуден алыста осындай этно-ошақтың болуы ғажап қой. Мұнда бәрі зор махаббатпен жасалған. Екі мәдениетті іштей салыстырып отырмын.
Ұлттық құндылықтарға саяхат мұнымен бітпейді. Ауладағы арнайы алаңда балалардың асық атуына да мүмкіндік бар. 9 жасар Максим бүгін бірінші рет «Ханталапай» ойынын ойнауды үйренді.
Максим Петров, турист:
- Бастапқыда түсінген жоқпын. Ойынға енді еніп келемін. Шахмат секілді мағыналы, өте қызықты ойын екен. Асықты түсуіне қарай бөлек атасың.
Юлия Хандрамай, Мәскеу қаласының тұрғыны:
- Бірінші рет киіз үйге кіріп тұрмын. Бұрын тек кинодан көрген едім. Танымдық жағынан алған әсерім ерекше. Мүлде басқа әлемге тап болғандаймын. Өзге ұлттар, соның ішінде бауырлас қазақ халқы туралы аз біледі екенмін.
Сондай-ақ Смағұл Монтаев ауласынан Эльтон ауылының тарихи музейі мен орыс мұражайын да өз күшімен жасақтапты. Осы арқылы ол ұлттық дәстүрімізді насихаттап, қос халықтың рухани байланысы нығаюына сүбелі үлес қосып жүр.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов