Ресей мен Қазақстанның екіжақты инвестиция көлемі ұлғая түсті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен. Ал Ресей Президенті екіжақты байланыстардың қарқынын жоғары бағалап, мемлекеттік сапарының мәні мен маңызына тоқталды. Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты инвестиция көлемі ұлғая түсті. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Бұл екі елдің саяси ғана емес, экономикалық әріптестігінің де мығым екенін көрсетсе керек.
Бұл жолы Ресей басшысы елімізге мемлекеттік сапармен келіп отыр. Сәйкесінше елорда көрші ел президентін сән салтанатпен қарсы алуда. Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі алдымен тату көршілік һәм достық қарым-қатынасқа ұласып жатқаны анық. Бірақ экономикалық салада да ауыз толтырып айтар ақпарат аз емес. Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы жұмыс істеп тұр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылған. Елдеріміз арасындағы алыс беріс те жаман емес.
2024 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 20 млрд долларға жетті. Өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым өсім бар. Қос елдің әкономикалық әріптестігінің қандай екенін осыдан-ақ бағамдай беруге болады.
Ресей соңғы 20 жылға жуық уақытта елімізге 24 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Ал Қазақстан, Ресейге 6 млрд доллардан астам инвестиция салыпты. Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылған. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Экономикадан бөлек, мәдениет, ғылым білім саласындада екі елдің әріптестігі жаман емес. Қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Еліміздің барлық дерлік өңірлерінде орыс драма театрлары, өзге де мәдениет ошақтары бар.
Қазақстан мен Ресейдің ортақ шекарасының ұзындығы 7,5 мың шақырымнан асады. 8 бірдей аймағымыз Ресейдің 12 облысымен шектесіп жатыр. Екі жақтың шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады. Бұл да мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтып байланысты бекем етуге себеп.