Қазақстанда азық-түлік бағасы қымбаттады
Жезқазғанда 11,8%, ал Талдықорған қаласында тауарлар 10,4% қымбаттаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты. Азық-түлік неліктен қымбаттап жатыр? Бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет қандай шара қолданбақ?
Жаз айлары – жеміс-жидек пен көкөністер саудасының қызған шағы. Күйбең тірлікке қарамастан елордалықтар базар аралаудан жалыққан емес. Себебі үйдің маңындағы дүкендерге қарағанда бұл жақта едәуір арзан.
Базарға азық-түлік алу үшін келген Маржан Тұмарова да баға туралы өз пікірін білдірді.
Маржан Тұмарова, қала тұрғыны:
- Бағалары бұдан да арзан болғаны жақсы болушы еді. Мен құрылыс компаниясының асханасында істеймін. Өзіме қажеттілерін алып жатырмын. Қымбат болса да, алмасқа амал жоқ.
Тауардың қымбаттағанын Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов те растап отыр. Жалпы республика бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны 9% ұлғайған. Мәселен, пияздың бағасы – 79, сәбіз – 59,3, картоп – 32,9, күріш – 23,8, ал бірінші сұрыпты ұн 15,3% қымбаттапты.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Біз ағымдағы жылы инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтадық. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады. 16 тамызда Ішкі сауда ережесіне сәйкес өзгерістер күшіне енді. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% аспайтын сауда үстемелерін белгілеуді көздейді. Сондай-ақ отандық азық-түлік тауарларына кемінде 30% сату кеңістігін беру керек.
«Өндірушінің бағасы мен нарықтағы сату бағасының айырмашылығы жер мен көктей», -дейді мамандар. Мәселен, бағбан баудағы сәбізін 67 теңгеге сатса, дүкен сөрелеріне жеткенде 1 келі сәбіздің құны 151 теңге болады. Делдалдар үстінен 84 теңге қосып сатып жатыр. Бұл жағдайды сатушылар өзінше түсіндіреді.
Гүлжан Айтахынова, сатушы:
- Павлодарға 80 теңгемен жіберіліп жатқан өнімге жолда 20 теңге қосылады. Базарда сату үшін 5 теңге қосылады. Сонымен 105 теңгеден сатылып жатыр. Өнімді жеткізгені үшін 10% қосуға болады ғой. Сатушылар тегін әкелмейді, жолы және басқа да шығындары да бар.
Бағаны өсірмеу үшін Ұлттық экономика министрлігі кешенді шараларды қолға алмақ. Соның ішінде тауарды жеткізушілерден сауда орындарында қосымша ақы алуға тыйым салынады. Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов: «Бағаларды қадағалау үшін халықтың көмегіне жүгіну қажет», – дейді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Дамыған елдерде бағаны мониторингілеуге қоғам тартылады. Демек, кез келген азамат тауар бағасын суретке түсіріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары статистикасы жинақталатын мамандандырылған порталға жібере алады. Аталған жүйе арқылы нақты дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын онлайн режимде зерттеуге болады.
Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл идеяны қолдап, Бақыт Сұлтановқа қысқа мерзімде бірыңғай онлайн платформаның әзірленуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімдеріне бірқатар міндет жүктеді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Кейбір тауардың бағасы өсіп жатыр. Бұл мәселе, ең алдымен, әкімдіктер тарапынан қажет шаралар қабылданбай отырғандықтан орын алып отыр. Сондықтан келесі мәселелерге тоқталғым келеді. Бірінші, Сауда және интеграция министрлігінің бірыңғай онлайн платформасын құру туралы ұсынысты қолдаймын. Екінші, 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру механизмдерін іске асыру бойынша қағидалар қолданысқа енгізілді. Ол бағаларды тұрақтандыру механизмдерін бекітуге мүмкіндік береді. Ал өңірлердің ақпараты бойынша бұл қағидалар тек 2 қыркүйек кезінде бекітіледі. Әкімдерге аталған механизмдерді іске асыру үшін өңірлік қағидаларды тездетіп бекітуде тапсырамын. Тұрақтандыру қорларына сатып алу уақытын өткізіп алмау керек.
Бұдан бөлек Асқар Мамин тұрақтандыру қорларында тексеріс жүргізіп, олардың жұмысына тәртіп орнатуды міндеттеді. Аса қажетті тауарларды сатып алып, тапшылық кезінде баға өсімін болдырмау үшін жаппай сатылымға шығару керектігін ескертті.
Авторлары: Риат Шони, Әліби Жүніс