Ақмола облысында көмір қымбаттады
Қазір аймақта қатты отынның бір тоннасы 20 мың теңге шамасында. Ал қыс басталғанша бұл баға тағы өсуі мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, қазірдің өзінде көмірді табу мұңға айналған. Әсіресе облыс орталығында Шұбаркөл көмірі тапшы.
Өңірде көмір сататын 58 орын бар. Соның 4-і облыс орталығында орналасқан. Қара отынның бағасын білейік деп бәрін аралап көрдік. Көбінде тым-тырыс. Себебі көмір жоқ.
Нұрболат Қуанған, қала тұрғыны:
- Көмірді іздегеніме міне 3-4 күн болды. Әлі көмір жоқ. Түспеген. Ылғи ескі көмірлер. Баға көтеріліп тұр. Өткен жылы 17 мың болса, биыл міне, 18 мың 900 сұрап тұр.
Қара отын бағасы ауыл тұрғындарына жетем дегенше тағы өзгереді. Өйтені тасымал құны қосылады. Ақардыр ауылынан келген Болат Қайролла да бірнеше күннен бері көмір ала алмай жүр.
Болат Қайролла, Ақадыр ауылының тұрғыны:
- Көмір сирек келіп жатыр. Жақсы көмір көп емес. 2-3 күнде бір келеді. Кезекке тұруға мәжбүрміз. 40-50 машинадан кейін аламыз. Таң атпай 5-тен келеміз осында.
Ал үйіліп жатқан мына көмір жаңбыр астында қалғандықтан, дымқыл әрі ұсақ,- дейді тұрғындар. Сондықтан ешкім алмайтын көрінеді. Негізінен халық қызуы күшті Шұбаркөл көмірін жөн санайды. Ал жергілікті билік өкілдері көмір тапшылығын жоққа шығарды. Және қара отынның қымбаттауын тасымал шығынымен байланыстырып отыр.
Әлихан Рақымжанов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:
- Қазір көмірдің орташа бағасы 17 мың 750 теңге. Бағаның көтерілуіне негізгі себеп теміржол тасымалдауы тарифінің көтерілуіне байланысты және жеке бизнес өкілдеріне тікелей байланысты болып отыр. Біз бағаның тұрақталуына қатысты ештеңе айта алмаймыз.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Жалпы облыс халқы жылына 1 млн тонна қара отын тұтынады. Бұдан бөлек коммуналдық мекемелерге 465 мың тонна көмір қажет. Қазір осы қажеттіліктің тек 34%-і, яғни 171 мың тоннасы жеткізілген.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко