Хабар телеарнасы

Елімізде тамақ жеткізу қызметіне қойылатын жаңа талаптар бекітілді

Елімізде тамақ жеткізу қызметіне қойылатын жаңа талаптар бекітілді. Бірінші қаңтарда қабылданған стандарт - мейрамхана, кафе, логистикалық компаниялар және курьерлердің тамақ жеткізу қызметіндегі сапаны арттыруға бағытталған. Стандарттау және метрология институты әзірлеген, Сауда және интеграция министрлігі бекіткен құжатта бірнеше талап бар. Нақтырақ айтсақ, стандартқа сәйкес курьерлерде жеке медициналық кітапша болуы тиіс. Одан бөлек азық-түлік пен тамақтың қаптамасы, оны салатын сөмке таза болуы керек. Стандарт әзірге міндетті емес. Бірақ бұл ереже тамақ өнімдерін жеткізу нарығындағы талаптардың ашықтығы мен бірізділігін қамтамасыз етеді.Тұтынушылардың сенімі арта түседі.

Нұрбек Қазбек, ҚР СИМ техникалық реттеу және метрология комитетінің басқарма басшысы:

- Кез келген стандарт міндетті болу үшін нормативтік құқықтық актілерде міндеттеме туралы сілтеме болады. Бірақ бұл стандарт бойынша нормативтік құқықтық актілерде міндеттеме жоқ. Курьерлер немесе басқа обьектілер орындамаған жағдайда бұл стандарттың талаптарын ешқандай да әкімшлік хаттамалар немесе айыппұлдар салынбайды.