Парламент депутаттары 2024 жылы 106 заң жобасын қараған
Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр. Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамасы - Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы нұсқа екенін атап өтті. Осы ретте Парламенттің қазіргі жұмысы, биылға жоспары қандай?
Биліктің әмбебап формуласы жоқ. Саяси реформа аясында бізге барынша оңтайлы бағыт ретінде «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» жүйесі таңдалды. Одан бері бірнеше жыл өтті. Осы кезең таңдаудың дұрыстығын көрсетті. Президент өз аппаратының әлемдік тәжірибені әлі де мұқият зерделеп жатқандығын да мәлімдеді. Бір нәрсе анық әр мемлекет саяси жүйесін таңдаған кезде төл тарихына, ұлттық болмысына, саяси тәжірибесіне сүйенеді.
Екатерина Смышляева ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ықпалды институт ретінде парламентке маңызды рөл берілген. Бүгін біз бұл формуланың жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Парламенттің негізгі қызметі – сапалы заң шығару. Депутаттар бұл функцияны толық орындап отыр деп сеніммен айта аламыз. Ең бастысы, парламент проблемалық мәселелерді анықтап қана қоймай, оны шешуге құқтық негіз қалауда.
Мәселен, Парламент депутаттары былтыр 106 заң жобасын қараған. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен қолды болған капиталды қайтару туралы заңдар нәтиже бере бастады. Есірткі бизнесімен күрес қатаңдатылды. Суға қатысты бір-біріне кереғар екі мәселе бар. Көктемде тасқынмен күресеміз, ал жазда егін суғаруға су жетпейді. Еліміздегі гидротехникалық нысандардың 60% тозған.
Осының бәрін реттеу үшін заңдық негіз қаланды. Жоспар бойынша 2030 жылға дейін 42 су қоймасы салынатын болды. Бұл нысандарда 2,6 текше шақырым су жиналады. Оған қоса қазір қолданыстағы 37 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам канал жөнделеді. Осының нәтижесінде тасымалдау кезіндегі су шығыны 25%-ке азайып, суармалы жерлер көлемі 400 мың гектарға ұлғаяды.
Үш жылға жуық талқылаудан кейін хош иісті бу яғни вейптерді сатуға тыйым салынды. Заңға бағынбағандар үшін айыппұл және 2 ден 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Адам саудасы да қазір өткір тұрған мәселе. Орта есеппен жыл сайын елімізде адам саудасына қатысты жүзге жуық қылмыс тіркеледі. 2024 жылы оған қарсы күресті күшейту үшін заң бекіді.
Жалпы алғанда былтыр үкіметке екі жүзден астам депутаттық сауал жолданыпты. Оның барлығы дерлік елдің көкейінде жүрген өзекті мәселелер. Қазір де халық қалаулылары ел ішінде. Аймақтарды аралап, қабылданған заңдардың маңыздылығын түсіндіріп жүр.
Мәселен, депутат Бибігүл Аққожина қостанайлық тұрғындармен кездесуінде тұрғын үй саясатындағы өзгерістерді жеткізді. Былтыр Президент қол қойған заңға сәйкес көп жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе шешімін тапты. Енді жалға берілген пәтерді қалдық құны бойынша сатып алуға мүмкіндік бар.
Бибігүл Аққожина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазіргі таңда құрылыс кодексін қарастырып жүрміз. Салық кодексін қарастырып жүрміз. Сосын су кодексін. Төрт кодекс бүгінгі таңда жұмыста. Сондықтан соған енгізілетін өзгерістер туралы осы елмен бірге қарастырып, негізгі өңірдегі бар сұрақтар, пікірілерін тыңдап, оны өзіміздің негізгі жұмыс тобында талқылайтын боламыз.
Бұған қоса Президент тапсырмасымен әзірленген жаңа Бюджет, Салық, Су кодекстері де биыл Парламентте талқыланбақ.
Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин.