Президент елордадағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады
Бүгін Мемлекет басшысы елордадағы бірқатар әлеуметтік нысандарды да аралады. Президент 800 балаға арналған KIS Astana халықаралық мектебіне және Еуразия Ұлттық университетінің жаңа Студент үйіне барды. Сонымен қатар Астанадағы QazSwimAcademy спорт орталығына бас сұғып, жас спортшылармен жүздесті.
KIS Astana – халықаралық стандартқа сай мектеп. Оқу орынында 800 оқушы білім алып, мектеп жасына дейінгі 120 бала тәрбиеленеді. Оқу кабинеттері әр шәкірттің қарым-қабілетін шыңдауына қолайлы жағдай жасайтын заманауи технологиялармен жабдықталған. Оқушылармен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда білім беру деңгейін арттырудың маңызды екенін атап өтіп, жас ұрпақтың білім білігін арттыруда осындай мектептердің ерекше рөл атқаратынына тоқталды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Астанадағы QazSwimAcademy спорт орталығына барды. Кешенде спортшыларды даярлауға қажетті барлық жағдай жасалған. Ересектер мен балалар ұзындығы 50, 25 және 10 метр болатын 5 бассейнде жаттыға алады. Сонымен қатар спорт кешенінде кәсіби жаттығу залы да бар. Бұл зал жүзуге қажетті машықтарды шыңдап, бұлшық етті ширататын арнаулы жаттығу құралдарымен жабдықталған.
Кейін Мемлекет басшысы құрылысы жаңа жыл қарсаңында аяқталған жаңа студенттер үйіне барды.
Досжан Ысқақ, тілші:
- Бұл еліміздегі ең үлкен жатақхана. 2656 адамға арналған. Ғимаратта коворкинг орталығы, кітапхана, ас бөлмесі, спорт алаңы сынды студенттердің жайлы тұрмысына қажеттінің бәрі бар. Бұл студенттер үйінің ашылуымен ЕҰУ жатақхана тапшылығы мәселесін толық шешті.
Азамат Жұматаев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттер үйінің директоры:
- Осы жатақхананы ашу арқылы біз университтеттің білім алушыларының жатақханаға мұқтаж студенттердің барлығын 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз. Жатақханаға 1-4 курс студенттері, магистратура мен доктарантураның білім алушылары орналастырылады деп жоспарлануда.
Ғимараттың құрылысында ерекше қажеттілігі бар студенттердің де талап-тілегі ескерілген. Студенттер үйінің жалпы инфрақұрылымы кедергісіз орта қалыптастыру талаптарына толықтай сай келеді. Жатақхананың 80 орыны арнайы қажеттілігі бар студенттерге ыңғайланып жасақталған.
Руслан Ержанов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:
- Бірнеше күн бұрын маған жатақхананы толық көрсетіп шықты. Жататын бөлмемді, асхананы бәрін көрдім. Жатақхана мен үшін өте ыңғайлы, өзім еркін жүріп, қалаған шаруаммен айналыса аламын. Шын мәнінде кедергісіз орта қалыптасқан, барлық жағдай жасалған.
Бұдан бөлек Ғылым және жоғары білім министрі Президентке өзге өңірлердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу шаралары жөнінде баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалап, білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ жұртты алаңдатқан метапневмовирус туралы да пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы студенттермен әңгімелесіп, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуда, озық технологияларды әр салаға енгізуде шапшаңдық таныту керектігін айтты. Президент бұл ретте жастарға айрықша үміт артып отыр.
Авторлар: Досжан Ысқақ, Азамат Саметов.