Ақтөбе облысындағы жолдардың жартысына жуығы жөндеу көрмеген
Бұл мақсатқа 40 млрд теңге бөлінген. Өңірдегі жол жағдайының нашарлығын аймаққа жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы да атап өткен еді.
Облыстағы жағдайы нашар жолдардың бірі Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларын байланыстырады. Республикалық маңызға ие болса да, қолданысқан берілген 50 жылда күрделі жөндеу көрмеген. Шұрық-тесігі көбейген күре жолдан көлік иелері мен жолаушылар алаңдап өтуге мәжбүр.
Әлімжан Түгелбаев, көлік жүргізушісі:
- Жол мүлде жоқ. Тек қана жол белгілері тұр. Жол апаттары да жиілеп кетті. Мен осы жол бойынша айына 20 рет қатынаймын.
Бұл жолды қайта жаңғыртудан өткізудің жобасы дайын. Қажетті қаржыны Азия даму банкінен алу көзделген. 100 шақырымды жөндеу үшін шамамен 77 млрд теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде тасжол төрт жолақты болуымен қатар жарық шамдарымен толығады. Бұдан бөлек ауыл-аймақтарды да қамту жоспарланған.
Мәлімбет Ибрашов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Биылғы жылға да 320 шақырым жөндеу жоспарда бар. Жалпы осы жұмыстарға, оның ішінде облыстық, аудандық, ауылдық көшелерді жөндеу жұмыстарын өткізуге 20 млрд қаражат бөлінді.
Көлік иелері үшін Ембі-Шалқар-Ырғыз бағытындағы жолмен де жүру оңайға соқпай тұр. Байғанин ауданына да қатынау қиындап барады. Ал жалпы ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтайтын өңірдегі республикалық маңызға ие жолдардың биыл тек 214-ін жөндеу жоспарланған.
Аймақтағы жолдардың сапасын жылжымалы зертхана мамандары үнемі тексеріп тұрады. Тиісті стандартқа сәйкестігін басты назарға алады. Алайда жыл басынан бері республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарда жүргізілген жұмыс барысында 26 кемшілік анықталыпты.
Тельман Малаев, «Ulttyq jol aktivteri sapasy ortalygy» RMK құрылыс жөніндегі инженері:
- Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе учаскесіндегі асфальт жабындысының тегіс төселмегені анықталды. 693 шаршы метрден кемшілік табылды. Оны жою үшін мердігер компанияларға хат жолданды. Нәтижесінде белгіленген мерзімде қайта түзетілді.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, жолдың нашарлығы – көп өңірге тән проблема. «Оны шешудің бір ғана бағыты бар. Ол – жол салу стандарттарын өзгерту. Сонда ғана жыл сайын жөндеуге жұмсалатын миллиардтаған қаржыны үнемдеуге болады», – дейді.
Андрей Кудеев, өңірлік депутаттар одағының төрағасы:
- Бізде әлі кеңестік кезеңдегі жол құрылысының стандарты қолданылып келеді. Оның түрлері көп. Ал шет елдерде жол салғанда көпқабатты жүйе бар. Біздегі жерді тегістеу, қиыршық тас, асфальт төсеу арқылы атқарылатын жұмысқа мораторий салынуы керек.
Сарапшының айтуынша, бүгінде жол салу тапсырыс берушінің бөлген бюджетіне қарай жобаланады. Нәтижесінде кейін жөндеу көбейеді.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов