Көкшетауда балалар стоматологтардың қабылдауына жазыла алмай жүр
«Емдеу мекемесінде қашан келсең ұзын-сонар кезек дейді», – ата-аналар. Таңғы 6-да кезекке тұрсаң ғана дәрігерге жазылуың мүмкін.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Балалар тіс емханасы Көкшетау қаласының қақ ортасында орналасқан. Ол 1986 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Алайда соңғы жылдары оған көпшіліктің көңілі толмай жүр. Арыз-шағымдардың басым бөлігі осы ұзын-сонар кезекке байланысты.
Кезекке таң атпай келіп алып, не күлерін, не жыларын білмей отырған ата-аналар: «Мұнда күнде осындай жағдай», – дейді. Бір тілім қағазды алу үшін олар бірнеше сағат күтуге мәжбүр.
Күләш Қабдірахманқызы, қала тұрғыны:
- 08:00-де жұмыс істейді деген соң, 7 жарымда келдім. Ертеректеу келіп, талон алайын деп келсем өзім шошып кеттім. Мен елуінші болған шығармын. Дәрігерге қабылданамын ба, қабылданбаймын ба? Ол жағын білмеймін. Күтіп тұрмыз.
Жанар Төлеубаева, қала тұрғыны:
- Телефонмен тіркелетін қылып жасауға болады. Сонда мына кезек болмас еді. Қазір ешбір емхана ХІХ ғасырдағыдай жұмыс істемейді. Тек осы жер ғана. Таңғы 6-дан келу деген масқара ғой.
Ал емхана басшылығы: «Мұндай проблема уақытша», – дейді. Айтуларынша, жаңа оқу жылының алдында дәрігерлік тексеруден өтетін балалар көбейеді. Оның үстіне стоматологтар да жетіспейді. Мәселен, мамандар түгел болғанда күніне 100 бала қабылданса, соңғы күндері бұл меженің жартысы ғана орындалып жүр.
Шырынкүл Орашева, тіс емханасы балалар бөлімшесінің меңгерушісі:
- Бізде негізінде 10 дәрігер болатын. Оның төртеуі жұмыстан шығып кетті. Өткен аптада осындай жағдай болған кезде шынымен де бізде дәрігерлер жетіспеді. Келушілер де, өзіміз де қиналдық.
Емхана басшылығы аталған мәселені жаңа кабинеттерді іске қосып, ересектер мен балалардың тіркеу орындарын бөлу арқылы шешеміз деп сендірді. Аталған емхана жекеменшік болғандықтан, халыққа көрсеткен қызметі үшін мемлекеттен жылына 100 млн теңгедей қаржы алады. Алайда қызмет сапасы соған сай келе ме?
Нұрлан Ақылбеков, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры:
- Стоматология жекеменшік мекемесімен биыл 91 млн теңгеге келісім жасастық. Кейін оған қосымша тағы 13 млн теңгеден астам қаржы жұмысшылардың жалақысын көтеруге бөлінді. Біз олардың тек көрсеткен қызмет түрлеріне мониторинг жасай аламыз. Қанша дәрігер жұмыс істеп жатқаны емес, тапсырыстағы қызмет түрлерінің санын орындап отырса болды.
Ал емхананың қызмет сапасын тексеретін құзырлы органдар бұл мекемеге тексеру соңғы рет 2017 жылы жасалғанын айтады. Жоспардан тыс тексерістер тұрғындардан арыз-шағым түскенде ғана жүргізілмек. Ал аймақтың медицина саласына жауапты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы: «Жағдайды жақсартқымыз келгенмен, оған мүмкіндік болмай тұр», – дейді. Айтуларынша, қалада бұдан өзге ірі стоматологиялық емхана жоқ. Жаңасын салу да жақын арада қарастырылмаған.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный