Көкшетаулық ғалым студенттерге жаңаша бағытта сабақ бермек
Көкшетаулық ғалым шетелдік тәжірибелерді қолдана отырып, студенттерге жаңаша бағытта сабақ береді. Ол үшін «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жайлагүл Сағындықова түрлі оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеген. Басым бөлігін автор өзі жазған.
Ағылшын тіліндегі жаңа сөздер. Бұл ғалымның университетте оқып жүрген кезінде бастаған ғылыми жұмысы. Кейіннен оны шетелдегі әлемдік ғалымдармен ақылдаса отырып толықтырған. Яғни осы еңбегінде ол ағылшын тілінің жаңа сөздерін басқа тілдегі сөздермен салыстырып, негізгі түбірін анықтаған. Қазір ғалымның осы жұмысы арнайы монографиялық кітап болып жарық көрді. Жалпы зерттеу барысында ол екі бағытқа ерекше басымдық бергенін айтады.
Жайлагүл Сағындықова, Филология ғылымдарының кандидаты:
-Менің қазір ғылымдағы қос бағытымның бірі - мультилингвизм және халықаралық жоғары білімді дамыту. Бірінші бағыт бойынша 2017-2018 жылы Кембриджде осы жобаны шетелдік ғалымдармен ақылдаса отырып, жазып шығып едім. Ал екінші ғылыми жұмысымды АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасы аясында жазып, қорғап келдім. Енді осы ғылыми жұмыстарымды қазір сабақтарда қолданып, студенттердің санасына сіңіріп жатырмын.
Қазіргі уақытта Жайлагүл Сағындықованың үш тілде жазылған 60-тан астам ғылыми жұмысы бар. Бүгінде ол облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеттің проректоры қызметін атқарады. Оның бастамасымен білім ордасында арнайы тілдерді оқыту курсы ашылған.
Диана Есімбек, ЖОО халықаралық қатынастар бөлімінің маманы:
-Студенттер өздерінің міндетті пәндерінен бөлек, корей, түрік тілін үйрене алады. Алдағы уақытта тағы басқа да шет тілдерін қосу жоспарда бар. Біздің университет соңғы жылдары шетелден көптеген студентті қабылдап жатыр. Сол балаларға да қазақ тілінен арнайы сабақтар беріледі.
Патем Телиша, студент:
-Мен қазір 2 курс студентімін. Болашақ дәрігермін. Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Біз өзара сөйлесіп, тілімізді жаттықтырамыз. Тезірек меңгеріп алғым келеді.
Қазір ғалым тағы бір ауқымды ғылыми жұмысты бастағанын айтады. Бұл зерттеуі де шет тілдерін үйретуде тың тәсіл боларына сенімді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный