Альпинистерді құтқару шарасы жалғасуда
Марқұм Анатолий Букреев: «Адамдар тек шыңмен теңеседі, сосын қайта түседі», – деп айтушы еді. Анатолий Букреевті танымайтын жан әлемде кемде-кем шығар. Оның Эвересттегі құтқару операциясын жаһан жұрты жақсы біледі. Бірақ тауға шыққан кей альпинистер қайтып үйіне оралмаған. Міне 5 күн бұрын Тянь-Шань тауының ең биік нүктесі «Жеңіс» шыңын бағындыруға кеткен қазақстандық альпинистер әлі табылған жоқ. Дегенмен оларды іздестіру операциясы жалғасып жатыр. Жақындары сеніммен қарап отыр. Жалпы альпинистер деген кімдер? Не себепті тауға шығуға құмарлатып тұрады?
Альпинист деген кім? Қияли адам немесе қаһарман? Қоғам пікірі бұл туралы қақ бөлінері хақ. Бірі «батыр» десе, енді бірі «жауапсыз жанкешті» деп есптейді. Кім не десе де, альпинизм саяхаттаудан гөрі спорттың бір түріне айналғалы қашан. Еліміздің альпинистері алғаш рет өткен ғасырдың 30-шы жылдары Іле Алатауының 4376 метрлік кіші Алматы шыңына шыққан. Ал осыдан 10 жыл бұрын қазақстандық альпинистер әлемді дүр сілкіндіріп, Гималай тауының 8176 метр биіктігіне Қазақстан туын тіккен еді.
Андрей Старков, суретші-альпинист:
- Негізі қазақстандық альпинистер әлемдегі ең мықтылардың қатарында. Олардың кәсіби шеберліктеріне шек келтіруге болмайды. Шындығында альпинистер өте қызық адамдар болып табылады. Олардың бұл әрекеті төңірегінде түрлі сұрақтар өріп жүреді. Бірақ мен альпинист ретінде бұл сауалдардың жауабын әлдеқашан беріп қойғанмын. Альпинстер – жаңа белесті көздеп тұратын, құзар шыңға, биіктікке құштар жандар.
Биіктік демекші, «биіктікті бағындырған» деген сөз жоқ. Марқұм Анатолий Букреев: «Адамдар тек шыңмен теңеседі, сосын қайта түседі», – деп айтушы еді. Расында табиғатты адам баласы бағындырған емес. Керісінше, табиғаттың тосын мінезі талай жанды әбігерге салды. Бірақ бастарын бәйгеге тіккен тәуекелшілдерді бұл тоқтатқан ба? Алысқа бармай-ақ қояйық, осыдан 5 күн бұрын қар құрсауында қалған қазақстандық альпинистер туралы ақпар тарады. Оларды іздестіру шаралары қолға алынғанымен, әлі табылған жоқ. ҚР Қорғаныс министрлігі осылай деп отыр.
Василий Пивцов, іздеу-құтқару операциясының жетекшісі:
- Тау шатқалына барынша жақын келу аралығы 70 метрді құрады. Көзбен шолу, сонымен қатар тепловизор пайдалану арқылы айналаны шолып шықтық, әзірге еш нәтиже жоқ. Сондай-ақ жаяу жүріп іздеу қолайсыздық тудырып жатыр. Себебі аталған ауданда қар көшкінінің қаупі бар. Бұл бағдарға шығатын адамдар үшін үлкен қатер төндіруі мүмкін. Қазіргі уақытта әскерилер Қарқара лагеріне тоқтаған.
Әскери қызметшілер альпинистерді іздеп, «Жеңіс» шыңын 14 рет шолып ұшқан. Іздестіру жұмыстары жалғасады. Ол үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі қырғыз елімен байланыс орнатып, қос ел күш біріктіруде. Білек сыбана кіріскен іздеушілердің жорығы жемісті болса игі еді. Себебі тауда ауа райы құбылмалы.
Мақсұт Жұмаев, альпинист:
- Қазір іздеу жұмыстарын жалғастыруға ауа райы қолайлы болып тұр. Қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Іздестіру шараларын тағы таң атысымен жалғастырамыз деп шештік. Альпинистер жоғалған аумақты түгел қайта шолып шығамыз.
Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев соңғы рет әріптестері Александр Чечулиннің қайтыс болғанын хабарлап, байланысқа шыққан. Содан бері іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтаған емес. Жоғалған үш азаматтың оқиғасы таудың қателікті кешірмейтіндігін көрсетіп отыр. Соңғы 65 жылда «Жеңіс» шыңы 60 альпинистің ғұмырын жалмаған. Бірақ Мұраттың кәсіби шеберлігі талай сынға төтеп берген. Оның туыстары бұл жолғы қиындықты да еңсеретініне сенімді.
Шахаризада Шахбутова, Мұрат Өтепбаевтың жұбайы:
- Сіздерден өтініп сұраймын, іздеу жұмыстарын тоқтатпаңыздаршы. Оларды табуға біздің әлі де болса мүмкіндігіміз бар. Себебі менің жұбайым – өте тәжірибелі альпинист. Ол мұндай жағдайды бірінші рет бастан кешіріп отырған жоқ.
Айгүл Матай, Мұрат Өтепбаевтың қызы:
- Әкем мұндай жағдайға бірінші рет тап болған жоқ. Ол шың басында бір апта бойы нәр татпаған кезі болған. Мен олардың табылатынына және тірі екеніне сенімдімін.
Осындай сенім барда қазақстандықтардың арасында альпинизмге қызығушылық танытқандардың қатары артып келеді. Алайда альпинистер ауысса да, уақыт өтсе де, тау өзгермейді. Сондықтан осы шыңға өрмелеушілерді «шынайы табиғаттың көркем келбетін көргендер» деп атауы тектен тек емес.
Авторы: Бірлік Берікұлы