Іле Алатауы аумағында төтенше жағдай жарияланды
Сел қаупі бойынша Іле Алатауы аумағында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Қазір «Қазселденқорғау» мекемесінің жедел топтары үш бірдей мореналық көлдің деңгейін төмендетуге күш салып жатыр. Оның екеуі Түрген өзенінің, тағы біреуі Талғар өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан. «Әуеден бақылау кезінде мұздықтарда жарық пайда болғаны анықталды. Соның кесірінен мұз опырылып, соңы сел тасқынына әкелуі мүмкін»,— дейді мамандар. Көл деңгейін төмендетуге ауа райы мұрша бермей тұр. Соңғы күндері тау басында күнде жауын. Туристердің қауіпсіздігі үшін Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің Түрген шатқалына жіберетін экологиялық бекетіне шектеу қойылған.
Бауыржан Әбішев, «Қазселденқорғау» ММ бөлім басшысы:
-Түрген өзені бассейніндегі көлдердің Түрген өзені бассейнінде сел ұстайтын қорғаныш қазіргі таңда жоқ деп айтуға болады. Ал мына Талғар өзені бассейнінде арнайы сел ұстағыш 12 млн куб ұстайтын сел ұстағыш бөгеті салынған. Сонымен қатар Алматы қаласында да барлық сел қауіпті бассейндерде осындай сел қорғаныш ғимараттармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда сел қаупі кезеңінде Төтенше жағдай және Қазселден қорғау мекемесінің арнайы жедел штаб құрылды.
Айта кетейік, елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Жаңа ведомство орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қатысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алумен және оны бақылаумен айналысады.