Жаңа оқу жылында білім саласында қандай өзгерістер болады?
Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма жүктеген. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те біршама өзгеріс туралы хабарлаған еді.
Риат Шони, тілші:
- Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Ұлы ақын Абайдың өлеңінен алынған бұл үзінді бүгінде талас туғызары хақ. Себебі балаға үйретуден жалығып жүрген ұстаздар баршылық екені жасырын емес. Өйткені мұғалімнің жұмысы көп, жалақысы төмен. Экономика бойынша орташа айлықтың 65% құрайды. Мұны ескерген Мемлекет басшысы алдағы 4 жылда ұстаздардың табысын 2 есеге арттыруды тапсырды.
Ал ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп табалдырығын енді аттаған оқушылар әріпті қайтадан әліппемен үйренетінін айтып қуантты. Яғни 2021 жылы қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізіледі.
Мектеп түлектеріне қатысты да өзгерістер бар. Енді ҰБТ электронды форматқа көшпек. «Бұл оқушылардың түрлі әдіспен жүйені алдап соғудың алдын алуы үшін жасалып отыр», – дейді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, 2019-2020 оқу жылдарына 66 556 грант бөлінген. Оның ішінде бакалавриатқа 51 085, магистратураға 13 159 және PhD докторантураға 2312 мемлекеттік грант бөлінген.
Сонымен қатар министрлік студенттер бір жоғары оқу орнынан екіншісіне ауысқанда грантын сақтап қала алатын мүмкіндік жасамақшы. Тағы бір өзгеріс оқулықтарға қатысты болмақ. Енді оқушылар қарапайым қағаз оқулықтарды планшет немесе ноутбуктерге алмастыра алады. Яғни ауыр сөмке тасымай, қажетті кітапты QR-код арқылы жүктеп алып, білім ала алады. Ал егер ата-ана баласының дәстүрлі қағаз оқулықпен оқығанын қаласа, ерік өзінде.
Тағы бір жаңашылдық, алдағы уақытта балалар балабақшаға екі жастан қабылдануы мүмкін. Мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі жаңа бағдарламаға көшкенде өзгереді деп жоспарланған.
Биылғы оқу жылының жоспарына сәл өзгерістер енгізіліп отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі каникулдардың күндерін анықтап, бұйрық шығарды. Күзгі каникул 28 қазаннан 3 қарашаға дейін, қысқы демалыс 30 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін, көктемгі 21 наурыздан 2 сәуірге дейін болады. Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, 1-сынып оқушыларына 3-9 ақпан аралығында қосымша каникул беріледі.