Хабар телеарнасы

Елордада елдегі сараптама орталықтарының өкілдері бас қосты

Мемлекеттік саясатты іске асыру үшін қоғамның тыныс-тіршілігі дұрыс зерттеліп, саралануы керек. Елдегі сараптама орталықтарының өкілдері ұлттық сараптама алаңында бас қосты.

Түркістанда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы мемлекеттік саясатты сапалы сараптамалық-талдама негізінде іске асыру қажеттігін айтқан болатын. Бұл ретте стратегиялық зерттеулер институты осы саладағы қоғамдастықтың өзара байланысын тереңдету мақсатында ұлттық алаңнан бөлек сыртқы саясат және экономикалық даму жөніндегі кеңес және өңірлік сарапшылар кеңесін құрды. Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасы қолға алынды.

Елімізде 43 сараптама орталығы 9 бағытта талдау жұмыстарын жүргізеді. Олар бір-бірін қайталамай, зерттейтін салалардың ауқымын арттыру үшін осындай алаң қажет, - дейді аталмыш институт өкілдері.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

- Бізде сараптамалық талдау орталықтарының  бірнеше түрі бар. Мемлекеттік органдарға қатыстылары бар, жекеменшігі бар. Қорлар бар, үкіметтік емес ұйым түрінде бар. Бірақ  біз барлығымыз қоғам мен мемлекеттің игілігіне жұмыс істеуіміз керек. Әрбіреуіміздің зерттеу тақырыбымыз бар. Бірақ біз бірігуіміз керек. Тек қана менің тақырыбым, менің мәліметім осындай деген болмауы керек. Біз бір-бірімізбен араласып, бір-біріміздің зерттеуіміздің сапасын көтеруінің арқасында мемлекеттік шешімнің дұрыс болуына өзіміз себепші болуымыз керек.