Үкімет басшысы Ақтөбе облысының даму барысымен танысты
Халықты жұмыспен қамту және баспанамен қамту күн тәртібінде тұрған мәселе. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ақтөбе облысының экономикалық даму барысымен танысты.
Үкімет басшысы Ақтөбе облысына сапары аясында тігін цехінде болып, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан қысқы күртені сатып алды. Жеңіл өнеркәсіпке оң бағасын берді. Облыста басқа өңірлердегідей әлеуметтік мәселелер басты орында. Ол – баспана мәселесі. Мұнда да «Нұрлы жер» мен «7-20-25» бағдарламасы аясында және көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жеңілдетілген несиемен баспана беріледі. «Бақытты отбасы» бойынша ай соңына дейін 74 адамға тұрғын үй сертификаты берілмек.
Гүлшашқан Нағыметова, қала тұрғыны:
- Сол сертификатты алып, осындай төменгі пайызбен 2 бөлмелі пәтерге ие болдым. Өзіме, балаларыма да өте ыңғайлы ауданнан берілді. Сол үшін өте қуаныштымын.
Облыста өткен 2 жылда жалпы аумағы 1 млн 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл 2 мыңнан астам адам баспанамен қамтылмақ. Әлеуметтік топқа жататын мыңнан астам азамат жеңілдетілген несие алып, баспаналы бола алады.
Асылбек Әлімбаев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- 2019 жылы 2009 пәтер қолданысқа тапсырылады. 2018 жылдан басталған 27 азқабатты пәтерлер және 9 қабатты 400 пәтерді биыл аяқтаймыз. Инженерлік желілермен толық қамтамасыз етілген және бүгінгі күнде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұрғындар санының артуы логистиканы қарқынды дамытуға да пәрмен береді. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі шағын-орта бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндік туғызып отыр. Бұл бағытта жылына 33 млн тонна тауар өтеді. Осыған орай Үкімет басшысы жол бойындағы шағын бизнес өкілдеріне қызмет деңгейінің халықаралық деңгейге сай болуын тапсырды. Транзиттік көліктердің кедергісіз жүруі де маңызды. Ол үшін құны 11 млрд теңгеден асатын «Оңтүстік айналма жолы» жобасы іске асуда.
Мәлімбет Ибрашов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- 2021 жылы толық аяқтауға мақсат болып тұр. Атырауға, Орал қаласына, әрі қарай Ресейге шығатын көліктерді Ақтөбе қаласына кіргізбей, айналып кететін болады. Ол экологиялық жағынан әсерін береді. Тауар таситын көліктердің саны көбейеді.
Үкімет басшысы өңдірісті өңірдің бірқатар өнеркәсібін де аралады. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 цехында болды. Бес жылда мұнда 1 млн тонна өнім өндірілген. Бұл үрдісті кірпіш зауыты да жалғастыруы тиіс. Себебі құрылысы қарқынды Ақтөбеде кәсіпорын өніміне сұраныс мол. Өндіріс жыл соңына дейін іске қосылады.
Магриф Сердеров, кірпіш зауытының директоры:
- Бұл жерде түрлі түсті силикат кірпіштерін шығармақпыз. Айына 10 млн дана өндіруге мүмкіндік бар. Бұл қала мен облыстың сұранысын толық қамтиды. Артығын өзге облыстарға жөнелтуге де болады.
Үкімет басшысы бірқатар ауданға шығып, кен өндіру орындары мен энергетика саласындағы өндіріс барысын көрді. Республикалық маңыздағы Ақтөбе – Атырау – Ресей бағытындағы жол құрылысымен де танысты. Өңірдің өнеркәсібі мен мұнай-газ секторын дамыту бағыты алқалы жиында айтылды. Басқосуда жұмысшыларды лайықты жалақымен қамтып, еңбек етуге қолайлы жағдай жасау мәселесі көтерілді. Өңірдің экономикалық және әлеуметтік мүмкіндігімен танысқан ол жергілікті билікке даму қарқынын үдетуді тапсырды.
Авторлары: Әнуарбек Марзатайұлы, Болат Молдағалиев, Айбек Даутов