Елдегі жылу желілерін жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр
Жоспарланған 546 шақырым жылу желісінің бар болғаны 354 шақырымы, яғни 65%-і ғана жөнделген. Тіпті жоспардың жартысын да орындамаған аймақтар бар. Үкімет отырысында өңірлердің алдағы жылу маусымына дайындығы сөз болды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауапты министрлер мен облыс әкімдіктертіне қыстың қамына салғырт қарамауды тапсырды.
Үкімет отырысындағы басты баяндаманы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жасады. Оның сөзінше, алдағы жылу маусымында мшамамен 12 мың автономды қазандық халыққа жылу береді. Соның 2 мыңы дайындық жұмыстарын толық аяқтамаған.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Автономды қазандықтардың тұрақты жұмысы үшін 1,3 млн тоннадан астам көмір, 9,3 мың тонна мазут және 54 мың тонна дизель отынын дайындау қажет. Қазіргі уақытқа қажетті көмірдің 50%-ке жуығы, мазуттың 98%-і және дизель отынының 50%-і дайын.
Биыл қатты аязда бүрсең қақпау үшін 8,6 млн тонна көмір керек. Оның 2,3 млн тоннасы коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке жұмсалса, 6,3 млн тоннасын тұрғындар жақпақ. Жылыту маусымына дайындық басталғалы бері шамамен 1 млн тонна көмір тасылған. Алайда қатты отынды қамдауға асықпай отырған өңірлер де бар.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Мониторинг барысында 6 өңірде, атап айтқанда: Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласында көмірді дайындау жұмыстары төмен екені анықталды. Қазақстан теміржолы және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес өңірлерге көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Аталған өңірлер жұмысты жандандыруы қажет.
Республика бойынша білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің қысқа дайындығы аяқталуға жақын. Алайда тұрғын үйлердің 30%-тен астамы жылу маусымына толыққанды дайын емес. Осыны ескерген Премьер-министр сенімді сөйлеуге тырысқан Үкімет мүшелерін сынап та алды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналды. Яғни дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыру, құжат дайындау мен отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан-жылға қайталанып келеді.
Биыл жылу желілерін жаңғыртуға бюджеттен 92,5 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаржыға 63 жоба қолға алынса, соның 8-і аяқталыпты, 53 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Үкімет басшысы жауаптыларға 1 қыркүйекке дейін білім беру мекемелеріне, ал 15 қазанға дейін басқа барлық нысандарға жылу беруге тас-түйін дайын болуды тапсырды.