Атырау облысының экологиялық туризмі өркендеп келеді
Мұндағы «Сексен кесік, сегіз арал» деп аталатын су қойнаулары аң-құсқа толы. Сонымен қатар бұл аймақта әлемде сирек кездесетін лотос гүлдері өседі. Қос өзен бойындағы тамаша табиғат көріністері ішкі туризмді дамытуға мол мүмкіндік бере бастады.
5 мың гектар аумақты алып жатқан лотос гүлдерінің алқабы Каспий теңізінің інжу-маржаны саналады. Теңіз жағалауы мен Қиғаш-Шора өзендерінің айдыны қазір масатыдай құлпырған кілем іспеттес. Лотос – әсем гүлді көпжылдық су өсімдігі. Ескі замандағы Мысыр және Үндістан жұрты қатты құрметтеген. Аңызға сенсек, бұл гүлдің тұқымын Ұлы Жібек жолы заманында саудагерлер алып келуі мүмкін немесе жыл құстары арқылы таралған деген тәмсіл бар.
Сергей Ушаков, турист:
- Осындай керемет жерлерді көргенім үшін тағдырыма ризамын. Құстар мен балықтардың түр-түрі, жайқалып тұрған лотос гүлдері бар. Сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мұндай ғажайыпты тек көзбен көріп, қолмен ұстап қана сезіну керек.
Қазір лотос гүлдері ТМД елдері бойынша Ресейдің Краснодар өлкесі мен Сахалинде ғана кездеседі. Теңіз атырабының аң-құсы мен балығы, мынадай әсем көріністері бүгінде экологиялық туризмді жандандыруға жол ашты. Бұл арадан жыл он екі ай туристер арылмайтын еді. Өкінішке қарай, 300 шақырымдық «Атырау – Астрахань» тасжолы апатты жағдайда тұр. Ал табиғи қорық шекара маңында орналасқан. Сондықтан бұл жерлерге тек табиғат сүйер жандар ғана алыстан ат арылтып, арнайы келеді.
Бартош Маевски, турист:
- Жолдың машақатын әбден көрдік. Өте қауіпті. Арнайы кедергілер арқылы жүретін ралли жарыстары секілді. Дегенмен мен бұл жерге келгеніме өте қуаныштымын. Табиғи ортада өсіп тұрған қасиетті гүлдерді көрдім.
30 жылдан бері жөндеу көрмеген жол көлік-логистика, туризм саласының дамуына көп кедергі болып тұр. Бірақ бұл қиындыққа да нүкте қойылатын секілді. Аталған халықаралық маңыздағы күре жолдың биыл 60 шақырымына асфальт төселіп жатыр. Ал екі жылдан соң толық аяқталуы қажет.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы