ТЖК өкілдері балалар қауіпсіздігіне қатысты ескерту жасады
Әлеуметтік желіге салынған бейнетүсірілім мен суреттерде жасөспірімдердің 10-қабаттағы балконның жиегінде отырғаны анық байқалады. Бейнекөріністі түсіріп алған автордың айтуынша, бұл Алматыдағы Гауһартас тұрғын үй кешінінде болған. Ал балалар ойнап жүрген жер – әрбір қабаттың кіреберісіндегі пәтерлермен баспалдақты жалғап тұратын жердегі балкондар. Алдымен 10-ыншы, кейіннен 16-ыншы қабаттың техникалық балконына шыққан жасөспірімдерді осы тұрғын үй кешеніне қонаққа барған Амаль Ибрагимова суретке түсіріп алған. Куәгер: «Себебі ең бірінші мен балалардың өмірі үшін алаңдадым. Әрине, олар балалық жасап отырды. Дегенмен ата-аналары өздерінің балаларын танып, оларға бұл іс-әрекеттің дұрыс еместігін, қауіпті екенін түсіндірсе екен», – дейді. Ал қалалық Полиция департаментінің өкілдері балалардың мұндай іс-әрекеттеріне ата-аналары жауапты екенін айтты.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Оқиға болған жерге сол тұрғын үй кешенінен учаскелік және ювеналдық полицияның қызметкерлері жіберіліп, осындай қауіпті іс-әрекеттер туындатқан балалардың аты-жөндері анықталып отыр. Қазіргі таңда олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік кодекстің 127-бабының нормалары бойынша әкімшілік хаттама толтырамыз. Кем дегенде 10 АЕК мөлшеріндегі айыпқа тағылады.