Биыл Астана мен Алматыда жатақхана тапшы
Өткен жылы елімізде 19 мыңнан астам студентке жатақханадан орын табылмады. Биыл да Астана мен Алматы қаласында жатақхана тапшы. Мұны Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі айтты. Одан бөлек, елде жарты ғасырдан асқан студенттер үйі көп. Биыл қанша студентке жатақханадан орын бұйырады? Қанша жаңа ғимарат пайдалануға беріледі?
Диана Қадыр, тілші:
- Астанадағы жоғарғы оқу орындарының бірінде заманауи студенттер жатақханасы ашылды. Мұнда 158 бөлме бар. Әр бөлмеде 2-3 адамнан орналасады. Оқу залдары, санитарлық бөлмелер, асханалар бар.
Бұл жатақханада тұратын студенттер ай сайын 25 мың теңге төлейді. Ал студенттерге арналған хостелдардың бағасы 25-60 мың теңге аралығында.
Азамат Жұматаев, ЕҰУ Студенттік үйлер дирекциясының директоры:
- Жоба бойынша орындар саны 2600 студентке арналған. Қосымша тағы 1-2 хостелмен меморандумға отырғандығымыздың арқасында 6 мыңға жуық студентті орынмен қамтамасыз ете аламыз.
Астана қаласында 16 мың студентке арналған 43 жатақхана бар. Жыл соңына дейін тағы алтауы қолданысқа беріледі. Дегенмен елордадағы кейбір жатақханаларда жөндеу жұмыстары аяқталмаған.
Мұхаммед Болысбек, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
- Енді бізде 15 ЖОО-ны бар. Қазір біз үшеуін араладық. Ескертпелер мен ұсыныстар
осы Еуразия гуманитарлық институтына айтылды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 25 тамыздан бастап жатақханаларды тексеру жұмыстары күшейтіледі. Ал республика бойынша жатақханалардағы орын саны – 100 мың, олардың санын жыл сайын 10 мыңға арттырып отыру жоспарланған.
Ақерке Абылайхан, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:
- Республика бойынша 27 жатақхана құрылысы аяқталады деп күтілуде. Жасырын емес, барлық жатақханалар біздің өте ескі. Себебі олардың барлығы 60-70 жылдары салынған.
Жатақхана мәселесі бойынша кез келген уақытта ахуалдық орталыққа хабарласуға болады. Бірінші, екінші курс және әлеуметтік осал топқа жататын студеттер төсек-орынмен толық қамтылады.
Диана Қадыр, Самат Оспанов