Алматыда көлік жүргізушісі бір топ адамды қасақана қақты
Бет бұзып, жаға жыртумен тоқтамаған жастардың бір тобы қарсыластарын көлікпен қасақана соққан. Қазір соққандар іздеуде, ал соғылғандар ауруханада жатыр.
Айқай-шу, мотордың гүрілі алматылықтардың тәтті ұйқысының шырқын бұзды. Оқиға қаладағы Гагарин көшесінің бойында таңғы сағат 5:00-ге таман екі кафеден шыққан жастардың арасында жанжал туып, жалғасы төбелеске ұласқан.
Абырой болғанда кісі өлімі жоқ. Басы жарылып, миы шайқалған және аяқ-қолы зақымданған үш азамат қазір тиісті ем қабылдауда. Олардың екеуі 7-інші ауруханаға түссе, біреуі Орталық клиникалық ауруханаға жатқызылған.
Карина Гаитова, дәрігер-нейрохирург:
- Бірінші науқас 1991 жылғы. Түскен кезде диагнозы – жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы. Оның жағдайы қалыпты, орта дәрежеде. Екінші науқас 1991 жылғы. Оның диагнозы – ашық бас-ми жарақаты, жеңіл дәрежедегі мидың соғылуы және төбе сүйегінің кіріп сынған жарақаты.
Қазір Криминалды полиция басқармасының із кесушілері істі тергеуге кірісті. Күдіктілердің үстінен бұзақылық, адамдарды қасақана қағу және жол-көлік оқиғасынан қашып кету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Әрине, бұл екі компанияның өкілдері де спирттік ішімдіктерді қолданды деген пайымдауымыз бар. Осы іске қатысушылардың түсініктемелері де бар. Енді тергеу барысында нақты анықталатын болады. Қылмыстық іс барысында қаққан адамдар жауап береді.
«Күдіктілердің аты-жөні анықталды», – дейді полиция өкілдері. Қазір бұзақыларды іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Енді адам қаққандар 7 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев