Алматыда полиция автобусы мен жеңіл көлік соқтығысты
Алматыда полиция қызметкерлері мінген автобус пен жеңіл көлік соқтығысты. Жол апаты таңғы сағат 8-ге таман Желтоқсан мен Қабанбай көшесінің қиылысында болды.
Автобус мамандандырылған күзет қызметі басқармасына тиесілі. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу басталды. Қақтығыстың салдарынан Suzuki маркалы автокөліктің жүргізушісі зардап шекті. Ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы орташа ауыр.
Асылбек Ембердиев, №7 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен адам №7 клиникалық ауруханаға жеткізілді. Ол маңдайынан жарақат алып, миы шайқалған. Оған бірден алғашқы көмек көрсетілді, қазір нейрохирургиялық бөлімде ем қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты, орташа ауыр.