Алматыдағы оқу орны 250 студентті жатақханамен қамтамасыз ете алмай отыр
Шатақ 5-жатақтан шықты. Онда университетте жұмыс істеген ұстаздар тұрады. Барлығы 50 шақты адам. Оқу орны олардан тұрып жатқан бөлмелерін босатуды талап етіп, сотқа берген. Алайда бұл күрмеуі қиын мәселе 3 жылдан бері шешілмей келеді.
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығы биыл барлық баланы жатақханамен қамтамасыз етеміз деп уәде берген. Яғни 21 тамызға дейін 1150 бала жатақханаға орналасты. Алайда 250 студентке орын жетпей қалды. Олардың арасында ата-анасыз өскен және жағдайы төмен отбасылардың балалары да бар. «Егер 5-жатақханада тұрып жатқан университеттің бұрынғы қызметкерлері бөлмелерін уақытылы босатқанда, мұндай жағдай болмас еді», – деген уәж айтады оқу орнының басшылығы.
Думан Ақатаев, қала тұрғыны:
- Мұны университет заңды түрде бізге берген. Ал қазір студенттерге «жататын орын жоқ» деген сылтаумен бізді мына жерден шығармақшы.
«Өз бетімен жатақхананы басып алды» деген тұрғындардың барлығында ректордың мынандай құжаты бар. Ол жерде уақытша тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерді магистранттар жатақханасынан 5-жатақханаға көшіру жөнінде бұйрық жазылған. Бірақ содан бері бұрынғы қызметкерлер университетпен дауласып келеді. Жатақханадан шыққан шатақ сотқа да жетіп, биыл 16 сот отырысы өтті. Сот шешімі университет пайдасына шешілгенімен, тұрғындардың бөлмелерді босатуын кейінге шегерген.
Айнұр Мейрамбекқызы, Қызметкерлерді басқару департаментінің директоры:
- Сот шешімі бар. Біз қанша тырыссақ та, олар шықпайды. Сот үкімінің шешімі бойынша оны сот орындаушылар жасау керек.
5-жатақханада тұратын 50-ге жуық отбасы: «Басқа барар жеріміз жоқ», – деп отыр. Араларында зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар бар. Аумағы 20 шаршы метр екі бөлмеге айына 40-45 мың теңге төлейді. Алайда жалпы пәтерақы мен коммуналдық төлем қарызы бүгінде 15 млн теңгеге жетіпті. Соған қарамастан жатақханада тұратын ұстаздар өз бөлмелерін жекешелендіруді мақсат етеді.
Думан Ақатаев, қала тұрғыны:
- Қазір соттасып жатқанымыз, бұл жатақхананы жекешелендіріп, өз атымызға аударып алу керек. Қазір көріп тұрғандай, 5 қабатты жатақхананың 1-қабатын жекеменшікке сатып жіберген. Бұл егер де мемлекеттің дүниесі болса, оны сатып жіберуге қандай құқықтары бар? Қазір біздің соттасып отырған себебіміз де сол.
Жаңа оқу жылы басталуға аз күн қалды. Алайда университеттің 4-жатағында күрделі жөндеу аяқталмаған. Құрылыс әлі екі айға созылмақ. Ал Қабанбай көшесінде орналасқан докторанттар мен магистранттарға арналған жатақхана тіпті қараусыз қалыпты.
Алмас Садуақас, тілші:
- Ал бұл жатақхананың қазіргі жағдайы жабырқаулы. Былтырдан бері мұнда ешкім тұрмайды және биыл да бір де бір студент орналастырылмайды. Жатақхананың 1-қабатындағы терезелерге және есікке темір тор орнатылған. Ал күзеттің жоқтығынан және қарусыз қалғаннан кейін кейбір терезелер шағылған.
Қаңырап тұрған ғимараттың төңірегі лас, қаңғыбас адамдар мекеніне айналған. Егер ол жөнделіп, студенттер мен болашақ ғалымдар игілігіне берілсе, мұндай дау туындамас па еді?! Университет өкілдерінің айтуынша, бұл жатақхана апатты ғимарат деп танылған.
Айнұр Мейрамбекқызы, Қызметкерлерді басқару департаментінің директоры:
- Ол жерге орналастыру мүмкіндігі жоқ. Сатылып кеткен деген мүлдем дұрыс емес. Өзіміздің жобаларымыз бар, яғни ол жерге жатақхана соғылуы мүмкін.
5-жатақхана тұрғындары 9-жатақханың апатты жағдайда екеніне сенбейді. «Өйткені оны дәлелдейтін құжаттары жоқ», – дейді олар. Өздері тұрып жатқан бөлмелерді босату жөніндегі сот шешімі де әлі толық шықпаған.
Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев, Радик Жақыпов