Хабар телеарнасы

Әскерден кейін студент атанғандарға білім гранты беріледі

Әскери борышыңды өтеп, тегін оқы. Аталмыш бағдарлама келесі жылдан бастап кәдімгі білім грантымен бірдей мәртебеге ие болады. Яғни әскерден кейін студент атанғандарға стипендия беріліп, жатақхана да ұсынылады. Ол үшін үлгілі жауынгер болып, арнайы сертификатты иелену  қажет. Оны алған азамат үшін кез келген университетке жол ашық. Мамандықты да өзі таңдайды. Толығырақ келесі материалда.

Бейбарыс Әділбаев өзі армандаған оқуын Астанадан тапқан. Бірақ мектеп бітіру уақыты карантинмен сәйкес келгендіктен Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың реті келмепті. Содан 2022 жылы әскерге барып, Алматыда қызметін өтейді. Тегін оқуға түсуге болатынын сол жерде естіген. 

Бейбарыс Әділбаев, студент:  

- Әскерде командир жаңа жоба басталғанын түсіндірді. Кей жігіттер оған аса мән бермеді. Ал мен үшін бұл таптырмас мүмкіндік еді. Егер сертификат алсаң, университетті өзің таңдайсың. Сол үшін барымды салдым. Алғашында дене шынықтыру тапсырмаларынан көрсеткішім төмен болды. Кейін жаттығып, нормативті толық орындадым. Соның нәтижесі қазір ІТ мамандығы бойынша Еуразия ұлттық универсиетінің студентімін. 

Аталмыш тегін оқу сертификаты әскерге барып келген жастардың бәріне беріле бермейді. Жауынгер қызметін өтей жүріп, сол жолдаманы алуға лайықты екенін дәлелдеуі тиіс.

Нұрлан Ашықов, ҚР Қорғаныс министрлігі департаментінің аға офицері:

- Бұл 4 критерий бойынша. Бірінші жауынгерлік дайындығы. Оның ішіне кіретін дене дайындығы, ату дайындығы. Екінші арнайы міндеттерін орындау. Жалпы тәртіптілігі үшіншісі. Төртіншісі психологиялық жағдайын тексеру. Ыңғайлығы және ашықтығы конкурстың «Срочники 2.0» дейтін ақпараттық жүйеміз бар, сол жерде өткізіледі. Әр сарбаздың рейтигі жасалады.

Бейбарыс Әділбаев, студент:

- Әскерге барып келіп, тегін оқып жатқан басқа студентерді де білемін. Менің тобымда 2 жігітпіз. Жалпы университет бойынша Қазақстанның әртүрлі облысынан келген 30 адам бар. Бұл жобаның мүмкіндігін пайдаланып жатқандар көп.

Тегін оқу бағдарламасы 2023 жылы басталды. Сол жоба аясында былтыр 604 азамат оқуға түскен. Биыл 581 азамат студент атанған. Негізі әр шақырылым сайын 1500 сертификат беріледі. Оның жарамдылық мерзімі – 2 жыл. Жастарды оқуға қабылдау бойынша 82 университетпен келісім жасалған.

Ал келер жылдан бастап сертификатты алған жастарға кез келген жоғарғы оқу орнына барса болады. Жобаға жақында сондай түзету енгізілді. Оның мүмкіндігі артқандықтан, талап та күшейген. Үміткер әскерде жүрген кезде екі бейіндік пән бойынша тест тапсыруы қажет. Сол сынақтан сүрінбей өткендерге тегін оқумен бірге шәкіртақы тағайындалады. Сондай-ақ алғашқы оқу жылы жатақхана беріледі. Ескеретін жәйт, әскерде болып білім сертификатын ала алмағандар жоғарғы оқу орнына ҰБТ тапсырмай ақылы түрде түсе алады. Мемлекет мұндай мүмкіндікті жастардың қызығушылығын оятып, армияның беделін арттыру үшін беріп отыр.

Ердәулет Ыбырайұлы, Руслан Тәуірше