Баянауыл демалыс аумағында сүрілуі тиіс нысандар анықталды
Әзірге ресми мәліметтер есептеліп жатыр. Ойқы-жойқы жолдар, сапасыз инфрақұрылым мен қызмет көрсету деңгейінің төмендігі. Әдетте отандық туризмнің дамуына кері әсер ететін бұл кедергілер де жойыла бастағандай.
Бірақ бөркімізді аспанға ату әлі ерте. Қасиетті өңірде саланың өркендеуіне кедергі келтірер өзге жайттар анықталды. Қазір ресми жабылса да, жауапты органдар тыным таба қоймаған. Мамандар кәсіпкерлердің жұмысын тексеріп, заңсыздықтарды анықтаған. Бүгінде ерекше қорғаудағы аумақта заңсыз салынған ондаған нысан анықталды. Заңды еңбек етіп жатқан қонақүй иелерінің де айтары бар.
11 жасар Алексей Кан ата-анасымен бірге Баянауылға бір маусымда бірнеше рет келеді. Жас музыкант өлкенің әсем табиғатын шығармашылығына арқау еткен.
Алексей Кан, Қарағанды балалар музыкалық мектебінің оқушысы:
- Баянауылға отбасыммен келемін. Гитарамызды, скрипкамызды бірге ала келеміз. Бұл өңір ерекше қуат, шабыт береді. Шетелді емес, осы жерді таңдаймыз.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Баянауыл өлкесінде туристік кезең ресми жабылса да, шағын топтарды кездестіруге болады. Биылғы жазға демалушылардың өкпесі жоқ. Себебі ауа райы қолайлы болды. Былтырғы демалыс маусымында Баян өңірі 116 мыңнан астам тынығушыны қарсы алған. Ал биылғы жылғы ресми мәліметтер есептеліп жатыр.
«Баянауыл» ұлттық паркінің қызметкерлерінде дамыл жоқ. Туристердің сүйікті орны Жасыбай көлінің маңы жаз бойы саяхатшылардан арылмайды. Өкініштісі, демалушы көп, ал табиғатты аялайтындар аз.
Дәуренбек Елемесов, «Баянауыл» ұлттық табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері:
- Демалушыларға айтар бір өтінішіміз, ерекше қорғалатын аумақты, әсем табиғатымызды олар да аялай білсе дейміз. Қоқыстарын тастамай, өз артынан жинап, табиғатқа олар да оң көзімен қараса екен.
Бұл – отандық турзимнің дамуын тежейтін мәселелердің бірі. Көрікті жерлерімен танылған өлкенің әлеуетін бизнес көзіне айналдырған инвестор да көп. «Нәпақа табамын» деп қызмет көрсету орындарын заңсыз салғандар да анықталды. Ондаған нысанның жерді жалға алу мерзімі өтіп кеткен. Сот шешімімен сүрілуі тиіс. Бірақ заңды елемегендер бар. Олар істерін дөңгелету үшін ерекше қорғаудағы аумақтарды таңдаған.
Көзіміз жеткені кәсіпкерлер жерді босатуға асығар емес. Мамандардың ескерту айтудан басқа амалы жоқ.
Ерсін Жұматаев, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Мына дәмхананың жерін жалға алу уақыты аяқталды. Сот орындаушысы дер кезінде шара қолданбағандықтан, нысан жұмыс істеп тұр. Сот шешімімен оларды сүріп тастау керек. Жерлер бес жылдық мерзімге берілді. Уақыты өткен соң учаскені босату керек. Бірақ құлақ аспағандар жетерлік.
Ербол Мұхамедьяров пен Любовь Бушина көрші қонақүй иесімен алысып әлек. Кәсіпкер бірнеше демалыс орнының ортақ аумағындағы жер учаскесін қоршап алған.
Ербол Мұхамедьянов, қонақүй иесі:
- Былтыр Павлодар экономикалық соты бетон қоршауларды алып тастау туралы шешім шығарды. Облыс әкімінің жерді жалға беру жөніндегі қаулысы да күшін жойды. Сондықтан қоршауды тұрғызу керек емес. Бірақ нәтиже жоқ.
Бұл мәселе туристермен қатар, бірнеше қонақүй иесін де алаңдатып отыр.
Серік Ахметов, қонақүй иесі:
- Көп жерді өздеріне алып алған. Ол заңсыз деп саналады. Енді осы уақытқа дейін бірнеше хат жаздық. Әлі орындалмай отыр.
Ғазиза Мұхаметова, турист:
- Биылғы жылы бізге қолайсыз жағдай жасап қойыпты. Мына көлге баруға жолымыз ашық болатын. Ал қазір бүкіл корпусты айналып барамыз. Мына үй өте орынсыз салынған.
Бүгінде курортта бір уақытта 4 мыңдай адамды қабылдай алатын 54 қонақүй бар. Қазір көбі жұмысын тоқтатты.
Зейнолла Тәліпов, Баянауыл аудандық туризм және спорт бөлімінің басшысы:
- Дамыту жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес курорттық аймақта су жүйесі мен кәріз жүйесі салу жұмыстары қолға алынады. Жоғары қуатты электр жүйесі де тартылып жатыр.
Баянауыл демалыс аумағы еліміздегі туристік жерлердің ондығына енгені белгілі. Бұл мәртебеге лайық болу үшін заңсыздықтарды дер кезінде жойып отырған абзал.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков