Павлодар облысының Майқайың кентіндегі ауызсу құбыры жарылды
Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентіндегі ауызсу құбыры жарылды. «Екібастұз қалалық су арнасы» мемлекеттік мекемесінен шығатын магистраль «Богатырь–Көмір» кенішін басып өтеді. Қазір кеніште су беру уақытша тоқтатылған. Коммуналдық апатқа байланысты жедел штаб құрылды. Жөндеу жұмыстарына 30 адам мен 10 бірлік мамандандырылған техника тартылды. «Бұл жұмыстар кәсіпорынның көмір өндіру ісіне кедергі келтірмейді»,—дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі. Ал шаруашылық қажеттіліктеріне қажетті су арнайы көлікпен тасымалданып жатыр.
Салтанат Әкімбекова, Облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
-Аталған су желілері 1996 жылы салынған. Биыл тозған су құбырларын қайта қалпына келтіру жоспарланып отыр. Ол үшін байқау жарияланып, мердігер ұйым анықталды. Жұмыс көктемде басталады.
Естеріңізге салайық, «МайқайыңАлтын» кен байыту фабрикасында қаңтардың 3-нен 4-не қараған түні жер опырылып, құтқарушылар мінген автобус терең орға құлап кеткен еді. Екі құтқарушының денесі табылды. Ал автобус жүргізуші мен тағы бір құтқарушының денесі әлі іздестіріліп жатыр. Апаттан кейінгі тексеру көптеген кемшіліктердің бетін ашты. Кеніште өндірістік қауіпсіздік сақталмаған. Кен байыту фабрикасындағы қазба жұмыстары 1 сәуірге дейін тоқтады.