Хабар телеарнасы

Ұлттық банк «Цифрлық инвестициялық монета» жобасын іске қосады

Бүгін – ұлттық валюта күні! Төл теңгеміздің айналымға енгеніне 31 жыл толды. Осы аралықта бірнеше кезеңнен өтіп, бүгінде банкноталарымыз құнды ақшалардың қатарында. Айтулы күнге орай қаржыгерлер осындай баға беріп жатыр. Айтуларынша, тіпті мыңжылдық тарихы бар шетелдік монета үйлерімен де бәсекеге түсе алады. Ал теңге тарихы 1993 жылы қарашада айналымға түскеннен кейін басталды. Алғашқы ақшалар Англияда басылды. Әрі банкноталарда қазақтың ұлы тұлғалары хандар, ойшылдар, ақындар мен күйшілер бейнеленді. Уақыт ағымына сай дизайны да, қорғаныш жүйелері де өзгерді. Соңғы кездері ежелгі дәуірден сыр шертетін «сақ стилі» сериясында басылды. Ал теңге күні қарсаңында Ұлттық банк келер жылы «цифрлық инвестициялық монета» жобасын іске асырмақ. Оны кез келген уақытта сатып алып, сатуға болады. Сондай-ақ бір унцияға дейін жинап, бірегей алтын монетаға ауыстыруға мүмкіндік туады. Белгілі болғандай, цифрлық монетаның эксклюзивті дизайні әзірленген. Жоспар бойынша жоба 2025 жылдың І тоқсанында іске асырылады.