Банк атын бүркенген алаяқтар қазақстандықтарды алдап жүр
Енді алаяқтар ақша жымқырудың жаңа әдісіне көшкен. Қандай да бір банктің «Қауіпсіздік қызметіненмін» деп хабарласып, клиенттен құпия кодты сұрайды. Алданғанның ақшасын алады, ал құрығына түспегенді қорқытады. Алаяқтар шымкенттік Салтанат Қашағанованың картасындағы қаржысын аударып алса, астаналық Малика Дүйсенбаеваны «бауыздаймын» деп қорқытқан. Мамандар: «Өкінішке қарай, алаяқтардан қорғанудың жолы жоқ, тек ешкімге сенбеу керек», – деп кеңес береді.
Қазақстандықтарға осылай деп қоңырау шалатындар соңғы уақытта жиілеп кетті. Алаяқтар алдымен телефон нөміріңізге құпиясөз жолдайды. Артынша қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, ұялы телефон нөміріне жіберілген құпиясөзді айтуды өтінеді. Айтсаң, ақшаңды үптейді, айтпасаң, өзіңді үркітеді.
Малика Дүйсенбаева, қала тұрғыны:
- Олардың сөзін тыңдап отырсаңыз, банк қызметкерлерінен еш айырмашылығы жоқ, терминдерді жатқа айтады. Демек, олар – әккі алаяқтар. Осылай ақша тауып үйренген. Мен әуелде аса мән бермей, үш санды айтып қалып, төртіншісіне келгенде «олардың алаяқ болуы мүмкін ғой» деген ой сап етті. Кейін қарсы сұрақ қоя бергенімде тосылып қалды. Сөз барысында менің күдігім толығымен расталды. Олар мені балағаттап, тіпті «отбасыңды бауыздап кетемін» деп үркітіп, ұлттық намысқа тиетін сөздерді айтты.
Ал Шымкент қаласының тұрғыны Салтанат Қашағанова алаяқтардан қашып үлгермеді. Сөйтіп сөзіне сенген Салтанаттың картадағы ақшасын түгел сыпырып алған.
Салтанат Қашағанова, қала тұрғыны:
- «Содан кейін сізге смс келеді», – деді. Қарасам, шынымен де sms келген екен. «Келіп тұр ма?», – деп сұрады. «Иә, келіп тұр», – дедім. «Соны оқыңызшы, не келіп тұр, не жазылып тұр?», – деп қайта сұрады. Мен: «Цифрлар келді», – деп жауап бердім. Сол нөмірді айттым. Сол кезде ғана ойлана бастадым. Өзіме күмәнді болып тұрды. Содан кейін телефонды өшіріп тастадым. Кейін пәленше соманың шотымнан рубльмен алынғаны туралы хабарлама келді.
Малика Дүйсенбаеваның мысалын тәжірибелі заңгер Төлеген Болтановқа көрсеттік. Жалпы алаяқтық жасағандарды біздің заң бойынша бас бостандығынан айыру көзделген. Мерзімі жымқырылған қаржының көлеміне байланысты. Ал жеке басын балағаттау, отбасын үркіту, ұлтқа тиісу айыппұл төлеумен, қоғамдық жұмысқа тартумен шектеледі. Дегенмен бізде қомақты қаржысы жымқырылмаса, мұндай істі сотқа дейін жеткізетіндер тым аз.
Төлеген Болтанов, заңгер:
- Бұл дұрыс емес. Егер ақшасын ұрламаса, мұндай фактімен бетпе-бет келген кез келген адам өзі үшін, балаларының болашағы үшін алдын алуға міндетті. Ал біздің азаматтар оған уақытын, ақшасын, күшін жұмсағысы келмейді. Себебі мұндай тергеулер 1-2 күнде аяқталмайды. Алаяқтарды анықтау қазір қиын емес. Технология дамыған заманда қоңырау шалған мекенді анықтау да оңай. Тек алаяқтыққа ұрынған азаматтардың шыдамдылығы болса жеткілікті.
Арман Әбдірасилов, Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры:
- Ішкі істер органдарына сенім төмен болғандықтан, ешкім өтініш жазбайды. Өтініш жазбағандықтан Үкіметке мұндай алаяқтар жоқ боп көрінеді.
Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры Арман Әбдірасилов та азаматтардың енжарлығын құптамайды. «Телефон не компьютер арқылы жасалған кез келген қылмысты ашуға болады», – дейді ол. Демек жазалау да мүмкін.
Арман Әбдірасилов, Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры:
- Жазалау, әрине, мүмкін. Бірақ оны іздеу өте қиын. Мұндай іске көбінесе шетелдік сервистер арқылы баратындар көп. IT саласында шекара жоқ. Ақпаратты қабылдау үшін біздің полиция шетелдік полицияға сұрау жіберіп, оның жауабын алуы керек қой. Адамдар кибертазалық сақтау керек. Құпиясөздерін ешкімге хабарламаулары тиіс.
Сонымен алаяқтар да заманына сай. Енді банктегі қаржыға қол сұға бастады. Біз тараптарды естідік. Әрине, әккі алаяқтардың ізіне түсу, оларды жазалау қиын. Дегенмен мұндай кез келген әрекетті Ішкі істер органдарына хабарлап айтып отыру шарт. Алдымен өзің үшін, кейін өзгелер сан соғып қалмауы үшін.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Болотбек Табалдиев