Биыл Түркістандағы қасиетті тайқазанның құйылғанына 620 жыл
Осыған орай тарихи нышанның құйылған жері Қарнақ ауылында ауқымды іс-шара өтті. Аталған басқосуға археолог ғалымдар мен тарихшылар және сол кездегі ұсталардың ұрпақтары қатысты. Тағылымды шара кезінде тайқазан туралы тарихи естеліктер айтылып, оның елге оралуы кезіндегі жайттар сөз болды.
Бүгінде Тайқазан жайлы тарихи дерек те, аңыз әңгіме де көп. Ал ақиқат – біреу. Тарихи нышанның 1399 жылы Ол – Түркістан қаласынан 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде құйылғандығы. Тарихи деректерге сүйенсек, Тайқазан Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған. Құрамында мырыш, латунь, қола, қорғасын, мыс, күміс және темірі бар 7 түрлі металл қоспасынан құйылған. Бүгінде қарнақтықтар қасиетті қазанның өз ауылдарында құйылғанын мақтан тұтады.
Надыр Арзуматов, Қарнақ ауылының тұрғыны:
- Бұл қазанның тарихы мол. Мұның ғылыми мәліметтері бәрімізге белгілі. Біріншіден, тайқазан дүниежүзіне елімізді танытты. Ал оны осы Қарнақ ауылының халқы құйған.
Тайқазанның құйылғанына 620 жыл толуына орай ұйымдастырылған шара барысында тарихи қолөнер жасалған орынға саяхат жасалды. Археолог ғалымдар мен тарихшылар көне жәдігердің көркемдік, тарихи жағынан әлемде жоғарғы бағаланатын және XIV ғасырдағы техниканың ұлы жетістіктері жайында әңгімеледі.
Дадажан Жамалов, тайқазанды алып келген топтың өкілі:
- 10-12 күннің көлемінде Тайқазанды алып шықтық. Оны алып келу оңай болған жоқ. Қиындықтарға өте қатты душар болдық. Бір кран алып келдік, симады. Екінші кран да болмады. Кейін сол жерде қонақүй салып жатқан кран артып берді.
Тайқазанның жалпы салмағы 2 тоннаны құрайды. Сыйымдылығы 3 мың литр. Ерекше ою-өрнекпен безендірілген көне жәдігер – ұлы дала өркениетінің озық үлгісі. Әрі орта ғасырларда қазақ даласында кен өндіріп, металл балқыту өнері жақсы дамығанының көрінісі болып есептеледі. Бүгінде қазан құйылған пеш орыны анықталып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы