24 жыл бұрын Конституция жалпыхалықтық референдумда қабылданды
Өйткені заман көшіне сай заң шығару жүйесі мен құқық қорғау саласының талаптары ең алдымен Ата заңда жазылған баптарға сүйенеді.
Осыдан 24 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда Конституция қабылданғанын айттық. Маңызды құжат қабылданарда білікті заңгерлер мен мамандардан мыңдаған ұсыныс түсті. Сөйтіп мемлекеттік құрылыстың негізін қалаған құжат ел игілігіне жол тартты.
1995 жылы қабылданған Конституциялық құжаттың ең алғашқы басылымы ҚР Президенті архивінің аса құнды құжаттар қорында сақтаулы. Ата заң еліміздегі бүкіл заңдардың түп негізі саналады. Құжатты қабылдар алдында еліміз Еуропа мен құқықтық заңнамалары мығым мемлекеттердің тәжірибесіне жүгінді. Нәтижесінде 95 баптың 55-іне өзгерістер енгізілді.
Мұхаммед Жылгелдинов, ҚР Президенті архиві директорының көмекшісі:
- Президент архивінде Конституцияның түпнұсқасы ғана сақталып қойған жоқ. Осы кездегі Конституцияның қабылдануына байланысты елдегі саяси әртүрлі оқиғалардың құжаттық айғақтары да осында сақталуда. Яғни архив қорларында осы кезге дейін Конституция жобасы қалай талқыланды, қандай ұсыныстар болды, әртүрлі мекемелер мен заңды тұлғалардан, жеке адамдардан түскен ұсыныстармен таныса аламыз.
Қазақстан – құқықтық-демократиялық зайырлы мемлекет. Конституцияның негізгі құндылығы адам құқығын қорғай отырып, азаматтарының ой-санасы терең, пайым-парасаты биік қоғам қалыптастыруында жатыр. Жалпыхалықтық мүдде мен көзқарас, заман ағымы дамушы фактор екені мәлім. Сондықтан Конституция да қатып қалған дүние емес. «Ол мемлекеттің саяси, экономикалық әрі құқықтық жүйесіндегі барлық өзгерісті сараптай келе жаңарып отырады», – дейді заңгерлер.
Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор:
- Президенттік қызмет. Үкімет саласы. Жергілікті басқару органдарының жұмысын атқару. Осының барлығы Конституцияға сәйкес дүниежүзінің тәжірибелерін оқып, үйреніп, біздің мемлекетіміздің дамуына үлес қосты. Осыған байланысты Конституцияға да көптеген өзгерістер енгізілді. Әлі де өзгеріс болады. Конституция ол халықтың, елдің тілегі, ниеті, ауызбіршілік арқылы жасалған заңның негізі болып табылады.
Қазіргі кезде еліміздегі бірқатар заң нормасы мен заңды құжаттарды реформалау және өзгертуге қатысты ұсыныстар айтылуда. Әсіресе сотқа түскен істерді қарауды жеделдету, судьялар жауапкершілігін арттыру мен сотқа дейінгі істерді өзара бітімгершілікпен шешу жолдары ұсынылды. Бұл орайда отбасылық дау-дамайларға әділ төрелік айтып, тұрмыстық жанжалдардан туындайтын істерде тараптарды келісімге шақыру маңызды. Мысалы Алматыда 61 іс ерлі-зайыптылардың татуласуымен аяқталған. Демек, азаматтардың өз құқығын дұрыс пайдалану және құқықтық сауаттылықты арттыру секілді жұмыстар белсенді атқарылу тиіс.
Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев