Қарағанды облысында өсірілген эко-бидай алғаш рет Еуропаға экспортталады
Ал қазір облыстың шаруа қожалықтары астық жинау науқанына кірісіп кетті.
Өңір шаруаларының биылғы егінге көңілдері толмай отыр. Бидайдың сабағы қысқа, дәні ұсақ болып шыққан. «Тек дақыл желімтегінің жақсы көрсеткішіне қуанып отырмыз», – дейді. Биыл аймақтың егістік жерлері 886 мың гектарға дейін ұлғайтылған. Фермерлер: «Шілде мен тамыз айында қатты ыстықтың салдарынан болған құрғақшылық өнімнің 40% жарамсыз етті», – дейді. Ал жанар-жағармай мәселесіне шаруалар дән риза, оларға дизельдік отын қолжетімді ақшаға мол берілген.
Сырым Бошпанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге облыс бойынша 15 мың тонна дизельдік отын жеңілдікпен бөлінген. Оны біздің операторлар шілде, тамыз айларында 10 мың тоннаны толығымен тасып, шаруашылықтарға 187 теңгеден босатып жатыр. Шаруашылықтар бүгінгі күні дизельдік отынның 84% тасып алды.
Фермерлер ауа райының қолайсыздығымен цифрлық технология арқылы күресіп жатыр. Құрғақшылық болса да, жинайтын өнім бар.
Владимир Чаус, шаруа қожалығының механизаторы:
- Әрине, биыл құрғақшылыққа тап болдық, дегенмен өнім жақсы түсті. Техникамыз жаңа, тағы бір комбайн сатып алдық. Енді астықты жинау барысында ауа райы жақсы болса екен деп тілейміз.
Биыл Қарағанды облысында өсірілген бидай Еуропаға экспортталмақ. Бұл бидай сертификатталған органикалық өнім саналады. Өйткені астыққа ешқандай химикат қосылмаған.
Авторлары: Айнұр Абдиева, Василий Савкин