Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар әзірленеді
Мемлекет басшысы өз Жолдауында оны тиімді пайдалану бойынша нақты ұсыныстар әзірленетінін жеткізді. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырма берілді. Ұлттық қор трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек. Айта кетейік, салық саласында да тиімді ұсыныс жасалды. Жұмыс берушілердің 5% қосымша зейнетақы төлемдерін төлеу міндеті 2023 жылға шегеріліп отыр.
Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Қосымша зейнетақы қорынан салық төленетін болады» деген еді ғой, сол мәселені 2023 жылға дейін қозғамау туралы тапсырма берілді. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені оның есесіне зейнетақы қорынан тұрғын үй, білім алуына қаржы бөлуіне мүмкіндік беріледі деп отыр. Мұның барлығы жалпы Қазақстан халқына өте үлкен қолдау деп ойлаймын.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президенттің «Еліміздің әрбір азаматы жақсылықты, өзгерісті нақты сезіну керек» деген сөзі атқарушы билікке де, заң шығарушы билікке де үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз ол жұмысқа дайынбыз. Барлығын бірдей мемлекетке арта бермей, ел үшін жауапкершілікті сезіну, масылдық психологиядан арылу, тек қана еңбек біздің көсегемізді көгертетіні нақты айтылды.